Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңызы зор мәжіліс һәм салиқалы жүздесу (ФОТО)

23.10.2015 3206 0 пікір

Бүгін Нұр-Мүбарак  университетіне  ҚР  Мәдениет және спорт  министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы  Ғалым Шойкин  мырза бастаған бір топ ғалымдар және Алматы қаласының Бас имамы Нұрбек Есмағанбет мырза басшылығындағы   имамдар тобы келді. 

«Дін еліміздің дамуына қолдау болса, ел арасындағы дінге қызығушылық – бізге жауапкершілік»,-деп сөз бастаған Ғалым Шойкин мырза ел ішіндегі діни ахуалға шолу жасап, жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.  Ғалымдар мен теолог, имамдардан құралған бірнеше  ақпараттық түсіндіру топтарының да   жан-жақты еңбектері саралады. Ал төрағадан кейін сөз алған  ҚР ДІК Діни сараптама басқармасының басшысы Балғабек Мырзаев  мырза елдегі діни білім алудың жай-жапсары мен өзге елдердің тәжірибелерімен салыстырып өтті.  Қазір елімізде исламтану, дінтану саласында мамандар даярлайтын Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінен өзге  «дінтану» мамандығы бойынша  5  ЖОО маман дайындаса, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының қарамағында 9 медресе жұмыс істейді. Бұл медреселер бұрынғыдай орта мектепті толық аяқтап емес, 9 сыныптан  кейін де шәкірттерді қабылдауға қол жеткізген. Сондай-ақ, дін әлемінде тәжірибесі мол өзге елдерде  сырттан  діни оқу орындарына тек мемлекеттік құзырлы орындар мен Діни Басқарма рұқсатымен барғанда ғана дипломы мойындалатынын алға тартқан Балғабек Әбдіқайымұлы бұл үрдісті  бізге де қолданудың маңыздылығына тоқталды.  Қазіргі сараптама бойынша  еліміз әлемнің 10 оқу орнына ғана діни білім алуға рұқсат етіп отыр.

Зайырлы мемлекет түсінігін жан-жақты түсіндіріп өткен ҚР ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Исламды зерттеу бөлімінің басшысы Мұқан Исахан мырза, бұл тақырыптың бүгінгі жат ағымның жетегінде жүрген жастардың адасуына сылтау болғанын алға тартты. Яғни зайырлылықты атеистік қоғам деп қабылдайтын топтың жетегінде жүргендер «ислами мемлекетті» аңсап, кез-келген сәтте бүгінгі қазақ елінің шырқын бұзуға даяр. Ал нағыз мұсылман  тілімен де, қолымен де өзгеге зиян тигізбейді деген қарапайым қағидадан алшақтап кеткен сондай жамағат жетегінде шекара асып кеткендер саны шамамен 500-дей екен. Зерттеулер бойынша мұндай түсінікке негізінен білімнен алшақ, ислами да, заманауи да ілімі таяз адамдар тап болуда. 

Ал жалынды жастарды бірге жұмыс істеуге шақырған «Қазақстан жастары конгресінің»  атқарушы директоры Айдын Сабитовтың айтары да бар екен. Әр түрлі бағыттағы жастар ұйымының басын біріктіріп отырған конгресте осы кезге дейін  дін саласы үнсіз болған. Енді «Нұр-Мүбарак діни құндылықтар кіндігі», - деген Айдын Маратұлы университетіміздегі Жастар комитетімен ғана емес ҚМДБ-мен бірлесе жұмыс істеуге ниеттері барын жеткізді.

Келген лауазымды қонақтарға  студенттер мен имамдар тарапынан салиқалы сауалдар қойылып, мәселелер көтеріліп: жаңа диплом алған исламтанушыларды мемлекет тарапынан қолдау, түрмедегі жазасын өтеушілерге қатысты ағартушылық-насихат жұмыстары, т.б. жастар арасындағы нашақорлыққа қарсы күрес секілді сұрақтарға жауап берілді.

Басқосу соңында Нұр-Мүбарак  университетінің оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі  Әли Әлмұхаметов  Алматы қалалық Орталық мешітінің Бас имамы Нұрбек Әуесханұлына қорытынды сөз берді.  Ол: «ҚМДБ мен ҚР МжСМ Дін істері комитетімен өзара келісім-шарт  жасалғанда көңіліміз қуанып еді, бүгінгі жиын сол қуанышымызды еселей түскендей. Өйткені елдегі діни ахуалға мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп жатқанын әрі сіздердің сөздеріңіз имамдардың да абыройына өсіргендей. Өйткені кешегі кеңестік жүйе ел арасында «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген халқымыздың сөзін теріс мағынада түсіндіріп, молдаларымызды күлкіге айналдырса, бүгінде аталарымыздың бұл салиқалы сөзінің  ақиқат мағынасымен қауышып жатырмыз. Өйткені дін қызметкері әрдайым ораза тұтып, өзінің парыздарынан өзге түн ұйқысын төрт бөліп, қосымша намаздарға жығылып, ел ойнап-күліп жүргенде Қасиетті Құранын оқып, ел үшін дұға жасап, құлшылықпен айналысып жатады. Осындай мінәжаттар кез-келген қарапайым пенделерге ауыр келетінін ескерген  имамдар  әркімнің шамасына қарай шариғи үкімдерін де жеткізеді. Соны меңзеген нақыл сөз бүгінгі имамдардың мойнына жүктелгендей. Елдің руханияты мен шариғаты үшін тер төгіп жүрген имамдарға қолдау көрсету бұл халық болашағына қолдау»,-деп  жүрекжарды алғысын білдірді.

Салиқалы да салмақты ой айтылып, тек студенттерге ғана емес еліміздің діни ахуалына пайдасы тиер бұл басқосу әлі де жалғасын табары сөзсіз.

Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру