Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ауыл молдалары дәріс алды

19.10.2015 3706 0 пікір

ҚМДБ-ның тапсырмасы бойынша Ақмола облыстық «Науан хазрет» мешіті мен «насихат» қоғамдық бірлестігі бірлесіп, ауыл молдалары және аудан орталығындағы мешіттердің найб имамдары мен ұстаздарына арналып үш күндік семинар өткізді.

Мұнда ислам дініндегі әртүрлі құндылықтар мен насихат арналары кеңінен сөз болып, әсіресе ҚМДБ қабылдаған Тұғырнама, тұжырымдама, мұсылманның тұлғалық бейнесі мен имамның тұлғалық келбеті жайлы имам – молдаларға кеңінен насихатталды.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзінің имамдарға қаратып айтқан бір сөзінде әрбір мешіт имамы жүйелі білім алып тұруы қажет деген еді. Аталған семинарда осы жайларға да көбірек назар аударылды. «Науан хазрет» орталық мешітінің найб имамдары Құсайынов Азамат, Бекмағамбетов Темірбек, Байменов Рахматулла,Қуанған Болатқан және тарих ғылымдарының докторы Сәбит Жәнібек пен теолог ғалым Сманов Дінмұхаммед сынды біліктіде білімді ұстаздар Қазақстан тарихы, құран, фикһ ақида т.б. маңызды пәндерден дәріс жүргізді.

Ал, «Насихат» қоғамдық бірлестігінің директоры Қанат Алшынбай  ақида мәселесі жайлы ой қозғады.

Бүгінде діннің асыл арналарынан алшақтап қалған жамағаттың да бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, өз қаракөздеріміздің өзге діннің жетегінде кетіп жатқаны қынжылтады. Ал, исламның атын жамылып, әсіре астамшыл әрекеттерге барып жүргендерге де тоқтау салатын кез жетті.

Міне, осы тұрғыда ауылды жердегі мешіттер молдаларына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Егер білімі тайяз болса, басқалар төрге озып, тайраңдайтыны тағы бар. Сондықтан мұндай семинарларда білікті имамдар сабақ беріп, қарапайым жаназа мен шариғат дәстүрлері жайлы да кеңінен мағұлматтар ұсынды. Әркім өзін толғандырған сауалдарын қойып, оған толымды жауаптар алды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қана Қыдырмин семинарға қатысушылар алдында имам мен мұсылманның мінез-құлқы жайлы дәріс жүргізді. Ал, семинар соңынан барлық қатысушыларға арнайы сертификаттармен діни басқармадан келген құран кәрімдер табысталды.

Бақыт СМАҒҰЛ


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру