Үстіміздегі жылдың Рамазан айының басынан Павлодар қаласының бір топ дін жанашырлары облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті имамдарымен бірлесіп Павлодар облысының мұсылман қауымына үндеу жолдаған еді. Үндеуде: «Салт-дәстүр – ғасырлар бойы тарихи негізде қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын әдет-ғұрып, жалпыға бірдей тәртіп, ал, шариғат – адамзатты ынтымақ-бірлікке, мейірімділікке, Құдайға құлшылық етуге үндейтін заңдылық. Біздің салтымыз да, ғұрып-әдетіміз де атам заманнан бері Ислам шариғаты негізінде қалыптасып келеді. Өкінішке орай, соңғы кездері көптеген салттарымыз, діни рәсімдеріміз, әсіресе жерлеу рәсімі шариғаттан да ғұрыптан да алыстап, бұрмаланып бара жатыр», -дей келе мәйіт жөнелту жолындағы жөнсіз, орынсыз, пайдасыз іс-шаралар мұсылман қауымы үшін – харам екендігін айтып, оның жеңілдетілген нұсқауын мұсылман қауымға ұсынған болатын.
Бұл үндеу облысымыздағы мұсылман қауымы тарапынан қызу қолдау тауып, соңғы айларда біршама елді мекендерде марқұм болған адамның соңынан атқарылатын рәсімдер осы үндеуге сай жеңілдетіліп өткізіле бастады. Алайда әрбір жақсы пікірлер мен бастамалар өзіндік кедергілерге кездесетіні тәрізді бұл игі қадамға кертартпалық жасап, бөгет болушылар да бірен-саран болса да көрініс беріп келеді. Осыған орай ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Н.Исенов және «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамдары Н.Манапбаев, Х.Аманқұлов, қалалық «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Ж.Қоспақұлы бастаған бір топ дін мамандары облыстық «Қазақстан-Павлодар» телеарнасы арқылы апта сайын жүргізілетін «Басты назарда» ток- шоу бағдарламасына арнайы қатысып «Жабдықтағы аста-төк дастархан, сіз қалай қарайсыз?» тақырыбын пікір талқыға салды. «Қазақстан-Павлодар» телеарнасы тарапынан аталмыш ток-шоуға арнайы сарапшы, психолог, әкономист, журналист мамандарды қатыстырды. Сонымен қатар С.Торайғыров атындағы ПМУ және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушы мамандары, студенттерді де аталмыш ток-шоу бағдарламасына қатысып, халық көкейінде жүрген сұрақтар мен сауалдарды имамдарға қойып отырды.
Екі сағаттан астам талқыланған ток-шоу бүгін жұма күні кешкі 19.00 сағатта эфирден беріледі және алдағы күндері көрермендерге қайта көрсетіледі.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
16.10.2015
3575
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру