Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Дін мен дәстүр» атты конференция өтті

15.10.2015 3326 0 пікір

Ақтау қаласында «Дін мен дәстүр» тақырыбында конференция өтті. Шараны ұйымдастырған Ақтау қалалық Бекет ата мешіті мен Қазақстанның «Ақжол» Демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы. Жиынға өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагер қариялар және жастар қатысты. Конференция жұмысын ашқан Маңғыстау ішкі саясат басқармасының маманы Иса Есенәлі «Дін мен дәстүр» жайында баяндама жасап, ұлттық тәрбиенің жасампаздығы, дәстүр мен салттың мәңгі жасайтын ел қалыптастыра алатындығы туралы айтты.

Жиынға қатысқан өкіл имам С.Сейітбеков «Дұрыс сенім қоғам дамуының кепілі» тақырыбында сөз сөйледі.Имам молдалардың міндеттері мен талаптары жайында айтып, 19 ақпан 2015жылы Астана қаласында ҚМДБ-ның ұйымдастыруыменен тұңғыш рет өткізілген І-республикалық имамдар форумында қабылданған 4 құжатқа тоқталды. Сондай ақ, қазір имамдар тек діннің ғана емес, дәстүрдің де насихатшысына айналғанын, ҚМДБ тарапынан дайындалған тәлімдік құжаттың иманды қоғам құруға тигізетін септігін, ол барлық салада жүрген білікті кісілердің белсенді жұмыс жасауымен, дін мен дәстүрге ат салысуымен жүзеге асатынын жеткізіп,  сондықтан жанашырлықпен бірге жұмыс істеуге шақырды.

Қазақ дәстүрінің Ислам дінінен ажырамас тұтастығын, озық дәстүр үлгілерін, т.б. мәселелерді көтеріп, баяндама жасаған ардагер ұстаз Ордалы Қосай, қоғам қайраткері Дүйсенбі Әріпов, Әл Фатима қоғамдық қорының басшысы Күнзила Әмин жастарға жарқын жол сілтер орынды ақыл мен тұнық тәрбие дін мен дәстүр негізінде жатқанын түсіндірді.

Жиынға қатысып отырған жастар арасында өз сауалдарын қойғандар да тұщымды жауап ала білді.

Конференция жұмысы соңында жастар арасынан пікір білдіріп, сөз сөйлеген облыстық Жас Отан жастар қанатының атқарушы хатшысы Ерғали Әнесов үлкендер сөзінің ұлағаты көп екенін, қазақ елінің жастарына дін мен дәстүр ұғымын молынан сіңіруде олардың атқаратын рөлін айтып, жастардың жарқын болашағы дәстүрді бекем ұстанып, дінді дұрыс түсініп, ғылым біліммен сусындауда екенін жеткізді.

Жиын соңында өкіл имам С.Сейітбеков ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан Малғажыұлының биылғы жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп атағандықтан,осы тақырыпта  жыл басынан бері өткізілген шараларды айтып өтіп, алдағы уақытта да бірқатар жиындар мен семинарлардың өткізілетіндігінен хабардар етті. 

Маңғыстау облыстық орталық мшітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру