Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде ақ түйенің қарны жарылды. Құрылғанына 9 жыл болған Бахрейндік «Құран Кәрімді қолдау» қоры ҚМДБ-на 100 000 Құран табыс етсе, оның 1040-ы Нұр-Мүбарак университетінің студенттеріне бұйырды. Жеті адамнан құралған бахрейндік делегацияға университет атынан жүрекжарды лебізін білдірген ректор, профессор Жуда Абдулғани Басюниден кейін сөз алған Қор президенті доктор Адил Хасан ал-Хамад: «Мен бүгін өздеріңмен жүздескеніме ерекше толқып отырмын. Бізді сіздермен табыстырған Құранға деген құрмет. Біз Қасиетті Құранды жер жүзіне таратуды алдымызға мақсат етіп алдық. Мейлі ол мұсылман болса да, болмаса да. Өйткені бұл Қасиетті Кітап тек мұсылмандарға ғана емес, әлемге түсірілген мұғжиза. Ал әрбір мұсылман Құран оқуға мұқтаж. Сондықтан сіздер де осы біздің ісімізге көмек ретінде Құранды өзге бауырларыңызға таратсаңыздар...»,-деп студенттерге өздерінің аманаттарын жеткізді.
Осы кезге дейін 3,5 млн Қасиетті Құранды таратқан қайырымдылық қордың алдына қойған мақсаты да айқын, жоспары да ауқымды. Арабша нұсқадан өзге 35 тілге аударылған Құран Кәрім де таратылған. Болашақта қазақ тілінде де шығаруға ниеттері барын жеткізді. Осындай Алла сөзін арқалап әлемге сүйіншілеп жүрген бахрейндік жомарт жандардың әрқайсысына Нұр-Мүбарак университеті арнайы алғыс хат табыс етті. Ал қонақтар болса, университет ректоры профессор Ж.А.Басюни мен проректор, профессор Ш.К.Тұрсынұлына кезінде Пайғамбарымыз Мұхеммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Бахрейн еліне өзі мөрлеп жіберген хатының суреті нақышталған арнайы сыйлықты табыс етті. Бұл оқиғаның әсерлі болғаны сонша, бүкіл залға жиналғандарды толқытып жіберді. Басқосу соңында әрбіріне жеке-жеке Құран табыс еткен қадірлі қонақтармен студенттер де суретке түсу мәртебесіне ие болды. Құран таратып болған соң бахрейндік делегация университеттің тыныс-тіршілігімен танысып шықты.
Айша Кеңесбай
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.10.2015
3480
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру