Қазан айының алғашқы күні Халықаралық қарттар күні аясында Нұр-Мүбарак университетіне Алматыдағы Қарттар үйіндегі қариялар арнайы шақырылды.
Қарттарым сіздерге Алла саулық берсін,
Денсаулық ауызбірлік бола берсін,
Тап-таза абыройлы болғаныңды,
Ел билеген жастар көре берсін, - деп жырдан шашу шашып қарияларды қуанышпен қарсы алған болашақ исламтанушы қыздардың мерекеге айрықша дайындық жасағаны байқалып тұр. Тіпті студенттердің ыстық ықыласы «Әп» дегеннен самайын ақ шалған апаларды ерекше толқытты. Өздеріне деген қошемет пен ілтипатқа ризалықтарын білдіріп сөз алған Айымторы Тойғаринаның лебізінен тұп-тұнық мейірім мен тілеулестік ашық аңғарылып тұр: « Мен жақында ғана қасиетті Мекке, Мәдинаға умра қажылығына барып келдім. Қарттар үйіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы өзі келіп, біздерге жақсы тілектерін айтып, қасиетті жерге жолдаманы Бас мүфтидің өзі табыс етті. Енді алғысымды сөзбен жеткізе алмаймын. Діни басқарманың осылайша біздерге көңіл бөлуі, мына бүгінгі бізді қонақ еткен болашақ иманды ұрпақ тәрбиелеп жатқан Нұр-Мүбарак университетіне Алла жар болсын дегім келеді», - деп ағынан жарылды.
Ия, жүздерін өмір өрнектері әжімдесе де, жүректеріндегі мейірімді өшірмеген бұл қариялардың әрқайсысының тағдыры санқилы. Қарттар үйі тасбауыр перзенттеріне керексіз болған қариялардың мекені емес, түрлі тағдырды тоғыстырған шаңырақ екеніне көз жеткізесіз. Өйткені Нұр-Мүбарак университетіне келген қонақтардың бірі өмірін өнер саласында өткізсе, енді бір жігіт ағасы Чернобыль АЭС-ның жарылысынан зардап шегуші, енді бірі білім саласында еңбек етсе, енді бірі есепші. Яғни тағдыр жазуымен жалғыз қалған жандар аз емес. Сондықтан олар қартайған шақта қауқарсыз қалдырмай қамқорлыққа алған мемлекетке алғысы да орасан екендігін айтады.
Кездесуді ұйымдастырған екінші курс қыздар тобының жетекшісі педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Сұлу Исабаева ханымның осындай ашық, тәрбие сағаттары студенттер үшін үнемі әсерлі әрі пайдалы болатынын көріп жүрміз. Жыр мен күйден шашу шашқан жастардың қарты бар үйдің қазынасы кең екендігін көрсететін қойылымдары да сәтті шықты. Сондықтан бұл шара тек студенттерге ғана емес қарияларға да айрықша әсер қалдырды. «Бізге қай кезде келсеңдер де қуанамыз, өздеріңдей иманды жастарды әрдайым көргіміз келеді»,- деген қонақтар кеш соңында ақ баталарын беріп алғыстарын жаудырды. Ал ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қазан айын қарттарға құрмет көрсету айлығы етіп жариялауы жастарды қайырымдылыққа ынталандыра түскендей.
«Ауылыңда ақылгөй қарттар болса, жазып қойған хатпен тең» деген халқымыз қасиетті Құрандағы: «Раббың Өзіне ғана құлшылық етуді және ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды. Егер қасыңда олардың бірі немесе екеуі де қартайса, оларға «уф» деме де, оларға зекіме де. Оларға жылы сөз айт. Ол екеуіне мейірімді бол және кішіпейілділікпен қанатыңды иіп: «Раббым! Олар мені кішкентайымда тәрбиелегендей, оларды мейіріміңе бөле!»-деген («Исра» сүресі, 22-23) аятты ғасырлар бойы тіршілік тәртібіне айналдырған-ды. Сондықтан бүгінгі жаһанданудағы адами құндылықтардың таразыға түскен кезеңінде әрбір қаракөз осы қасиетті аятқа ден қойса, елімізде қартайғанда шарасыз қалған қарттарға қамқорлық күшейіп, ақыл сұрар ақсақалдар да көбейеді деген сенімдеміз!
Айша Кеңесбай
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
12.10.2015
3311
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру