Жастайынан әнші болуды армандап өскен Алтыншаш Мұқатаеваның анасымен бірге Астана қаласына келгеніне алты жылдан асыпты. Туыла салып тағдыр талқысына түскен 23 жастағы Алтыншаштың бар арманы – бойындағы дарынын дамытып, Елордамыздағы Өнер академиясының студенті атану екен. Алты жыл бойы қысқа жіп күрмеуге келмей, оқудан қалып қойғанына қарамастан, қайсар қыз үмітін үзген емес. Алайда, алдымен аталмыш оқу ордасының ақылы дайындық бөлімінде дәріс алуы қажет көрінеді. Төлейтін сомасы да салмақты.
Биылғы жылы аталмыш оқу ордасы басшылығымен келісе отырып, қажетті қаржы көлемін қысқартқанымен, ол да оңай соқпапты. Дегенмен, діттеген мақсатына жетпей қоймаймын деген қайсар қыз «Әзірет Сұлтан» мешітінің поштасына хат жазып, арманына қол жеткізуге себепкер болуды сұраған еді. ҚМДБ-ның төраға орынбасары, мешітіміздің Бас имамы Cерікбай қажы Сатыбалдыұлының ұйымдастыруымен Алтыншаш қарындасымызға көмек көрсетілді.
Осы кезге дейін қалалық, республикалық ән сайыстарына қатысып, жүлдегер атанған жігерлі қыздың жеткен жетістіктері де көп екен. Басқа түскен өмір сынағына сынып түспестен, алға қойған арманына қол созып, әнші атанғысы келген Алтыншашқа біз де ақ жол тіледік.
Естеріңізде болса, елімізде жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде Мүгедектер күні аталып өтіледі. Осыған орай, «Әзірет Сұлтан» мешіті қызметкерлері бұл апта ішінде бірнеше қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, тағдырдан теперіш көрген қамкөңіл жандардың қабақтарын жадыратуға тырысады.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.10.2015
3796
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру