Ислам күнтізбесіндегі ең айшықты мереке – Құрбан айт мейрамын ақмолалықтар ерекше ыждаһатпен қарсы алды. Ұлық мереке қарсаңында Көкшетауда еңселі Алланың үйі ашылды. Бұл барша мұсыман үшін көптен күткен қуаныш еді.
Бір тағылымы мешіт ашылғалы оның сұлу көркін көріп, сәулет ерекшелігін тамашалаушы халық бір саябырсыған емес.
Құрбан айт күні де айт намазы оқылып, аясы ат шаптырым мешіт адамға лық толды. Таяғын тірек еткен қарттардың бірі мешітке күнде келгім келіп тұрады деп көзіне жас алғанын да көріп, көңілің тасиды.
Мерекенің алғашқы күні Науан хазрет атындағы мешіт пен жергілікті «Зекет» қоры балғын бүлдіршіндерге айт шәйін ұйымдастырды. Бес жүзден аса бала кездесу куәгері болды. Алдымен жаңа мешіттің әсем ғимараты таныстырылды. Өз кезегінде балалар да өз сауалдарын қойып, ислам жайлы мол мағұлмат алды.
Одан әрі балалар «Рио» ойын-сауық орталығындағы өздеріне арналып өткізілген мерекелік шараға қатысты. Бүлдіршіндер бір сәт демалып, осылай өздерінің шариғат жайлы танымдарын жоғарлатты.
Ал, кешкісін жаңа мешіттің дәмханасында студент жастарға дастархан жайылды. Облыс имамы Қанат Қыдырмин жастардың алдында Құрбан айттың тағылымы жайлы уағыз оқыды. Бүгінгі алмағайып заманда имани тұрғыда тәрбие алудың жайы ортаға салынды.
Жастар жаңа мешіттің ашылуына өздерінің разы көңілде екендіктерін білдіріп жатты. Бұл намаз оқитын жастарға көптен күткен ұлы той іспеттес қуаныш екенін несіне жасырамыз.
Намаз оқитын және сауат ашу курсының шәкірті саналатын қыз балаларға да мешітте алғашқы кездесу кеші өткізілді. Олар дастархан басында өзара пікір алмасып, емен-жарқын әңгіме құрды. Мешітке және оның қайырымды ісіне деген ризашылықтарын да білдірді.
«Зекет» қорының өкілі Ерболат Шәріповтың айтуынша, Құрбан айт күндері облыс орталығында аз қамтылған үш жүз отбасыға ет таратылды. Сонымен бірге, жергілікті онкологиялық, түберкулез ауруханаларында ем алып жатқан науқастарға гүл шоқтары таратылды. Олардың көңілдерін білген мешіт қызметкерлері Алланың шипасы болсын деп дұға тіледі. Қала көшелерінің тазалығына қарайтын әйел азаматтарға да гүл шоқтары таратылды.
Құрбан айттың құрметіне ұйымдастырылған волейбол жарысы осымен бесінші жыл қатарынан өтіп отыр. Жарыс аса тартысты болды. Студент жастар спорт сайысы арқылы салауатты өмір сүрудің маңызды екеніне қанықты. Жарыс қорытындысында бурабайлық спортшылар жеңімпаз деп танылып, оларға бас жүлде табыс етілді.
Ғалым мешітінде бас имам Нұрлан Әбенұлының ұйымдастыруымен Құрбан айт мерекесі биылғы дәстүр жылына негізделіп өткізілуімен есте қалды. Мешіт ауласында киіз үй тігіліп, дастархан жайылып, алғаш рет мұнда оқушы балалар арасында қазақтың ұлттық ойыны – алтын сақадан жарыс өтті. Бұл спорт жарысына Көкшетау қаласының алты білім беру ошағынан шәкірттер қатысты. Ұл балалар «Асық ату», «Үш табан» сайысында мергендіктерін сынаса, қыз балалар «Хан талапай» және «Бес асық» ойындарында ептіліктерін көрсетті. Сөйтіп, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табыс етілді. Ал, өңірімізде осы ойын түрін дамытуға үлас қосып жүрген «Қаза тілі мен мәдениеті» қоғамының төрағасы Мейрамбек Қиықовқа шапан жабылып, Құран кітабы сыйға тартылды.
Красный Яр кентіндегі мешітте де әртүрлі шаралар жүзеге асты. Жыл сайын мешіттің мәдени шараларына белсене атсалысатын білім ордаларында болған мешіт имамы Науан Мүтәліұлы ұстаздарға ризашылығын білдіріп, 1250 шәкіртке тәтті салынған орамалар тапсырды.
Целиноград ауданында барлық ауылдық мешіттерде Құрбан айттың құрметіне қайырымдылықтар жасалды. Мысалы, аудан орталығында қайырымдылыққа аудан әкімінің өзі үзеңгі бола білді. Бір қара малын құрбандыққа шалып, мешіт арқылы аз қамтылған отбасыларға етін таратқызды. Бұған кәсіпкерлер де үлес қосты. Жалпы, алты ірі қара мал еті мұқтаждарға берілді. Бұл ретте Қоянды, Талапкер, Қошқарбаев, Жаңажол, Төңкеріс, Қосшы және тағы басқа елді мекендердегі мешіттердің де мерекелік бағдарлама ұйымдастырғанын атап өтуге болады.
Құрбан айттың тағылымын арттырған көпшілік шара – Степногорск қаласының Бестөбе кентінде ұйымдастырылды. Мұнда айт намазынан кейін қазақы дәстүрмен мешіттің ата-әже жамағаттарының иықтарына шапан мен қамзол жабылды.
Балуандар белдесуі шара маңызын арттырды. Жүзден жүйрік озған түйе балуандық сайыста Қараманов Ернар жеңімпаз деп танылып, оған жылқы сыйлыққа берілді. Аламан бәйгеде де сыйға тігілген жылқы, қара мал және түрлі-түсті теледидар да өз иелерін тапты.
Қой көтеру жарысы да қызықты өтті. Сексен келілік қошқарды 37 рет көтерген алып күш иесі Оралов Ыбрай өз жүлдесін үйіне алып қайтты. Арқан тартыста да бағын сынағандар болды. Жеңіс білектілерге бұйырды.
Мешіт осы шаралардың соңында арнайы құрбан асын берді. Тіпті, мерекеге қатысқан меймандар Құрбан айтта мұндай спорттық шараларға ризашылықпен тарқасты. Шағын ғана ауылды осынша көлемді шара ұйымдастырған ауыл имамы Жасұлан Махатовтың да іскерлігін ерекше атап өтуге болады.
Жыл өткен сайын Құрбан айт халықтың көңілінен шығатын мерекеге айналып келеді. Зеренді ауданында барша тұрғындарға азық-түлік жәрмеңкесі де осы мерекеге орайластырылып өткізілді. Сауда орындарындағы нарықтан төмен бағаға керегін алған халық өз алғыстарын жолдады.
– Құрбан айт мұсылман қауымның асыға тосатын мерекесі. Биыл да ол өзінің тағылымды сипатымен есте қалды. Ақмола облысының көптеген ауылдарында мереке жан-жақты аталып өтті. Мешіттер ұйымдастырған шаралар да бұл мерекенің халықтық мейрам екенін айғақтай түсті. Бұрындары діни мереке құрбан шалынып, отбасы басында ғана тойланса, енді ол әртүрлі ұлттық дәстүрге толы қырымен де ерекшелініп отыр, – дейді ҚМДБ-ының Ақмола облысындағы өкілі, Науан хазрет атындағы орталық мешіттің бас имамы Қанат Қыдырмин.
Жүрекке жылылық ұялатқан Құрбан мерекесі де өте шықты. Енді келер жылғы осындай мерекелерге де жетуге нәсіп етсін деген тілекпен күнделікті қам-қаракетке енеміз.
Бақыт Смағұл,
Ақмола облысы.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.09.2015
3835
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру