Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Шығыстағы Құрбан айт

29.09.2015 3543 0 пікір

Барша мұсылман қауымының мерекесі Құрбан айт шығыс қазақстандықтар үшін берекелі бірлікте зор ықыласпен өткізілді. Таң ертеңгісін Өскемен қаласының орталығындағы облыстық «Халифа Алтай» зәулім мешітіне халық Айт намазына ағылды. Мұсылмандар Айт мейрамын уағыз бен насихаттан бұрын құран тыңдаудан бастады.

ҚМДБ-ның Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы Нұрлан Байжігітұлы құрбандықтың маңызына және ұлттық дәстүрмен үйлестірілген құрбан шалу рәсіміне тоқталып, Айт мерекесімен баршаны құттықтады. Жаратушыдан елімізге тыныштық, жерімізге берекет, халқымызға бейбітшілік тіледі.

Облыс басшысы Даниал Ахметов ұлық мереке аясында мұқтаждарға жәрдем беру, қайырымды болудың ерекше маңыздылығы, адамгершілік пен асыл қасиеттер ислам қайнар бұлағында екендігіне тоқталды.

Айт намазы оқылып, мешіт алдында мереке думаны басталды. Мешіт тарапынан кішкене сияпатқа толы «Құрбан айт қабыл болсын!» атты тәттілер барша жамағатқа таратылды. Табиғаттың күзгі қабағына қарамастан, сахнада ән, күй, спорттық ойындар сәскеге дейін жалғасты.

Қала сыртында арнайы әзірленген құрбан шалу орнында «Раббың үшін құрбан шал!» акциясы кең ауқымда тыңғылықты өткізілді. Құрбан айттың үш күнінде де құрбандық шалушы халықтың қарасы қалың болып, сатылымдағы мал бағасы көңілден шығып жатты.

Құрбан айт қарсаңында облыстық мешіт тарапынан қасапшыларға алдын-ала арнайы дәріс жүргізіліп, акцияны белсене атқаратын топ жасақталды. Осы топтың арқасында орталық мешітке құрбан еті жинақталып, облыстық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тарапынан берілген тізім бойынша елу отбасыға және еліміздің бірегей діни оқу орны, көрші Павлодар қаласындағы «Әбу Бәкір Сыдық» медресесіне құрбан еті жөнелтілді. Қайырымдылық шаралар легі мұнымен толастамады.

Құрбан айт аясында облыстық мешіттен Ұлан ауданы, Таврия елді-мекеніндегі «Хоспис» қарттар үйіндегі қарттарға төсек жабдықтар мен құрбандық еті, тәттілер мен көкөністер жіберілді.

Аймаққа қарасты қала, аудан, ауылдық мешіттер де асқан ұйымшылдықпен қайырымдылыққа толы Құрбан айт мерекесін атап өтті.  Жалпы, аймақ көлемінде  3000-нан аса ірі қара аралас мал шалынып,  2 000-дай мұқтаж отбасыға құрбан еті үлестірілді. Сонымен қатар,  мерекелі іс-шаралар,  спорттық және интеллектуалды ойындар ұйымдастырылып, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға құрбандық етінен басқа азық-түліктер таратылып, жетім балалар үйлеріне жәрдем көрсетілді.

 

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі

Өскемен, Шығыс Қазақстан облысы

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру