Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сауат ашу курсының ғимараты ашылды (ФОТО)

29.09.2015 3709 0 пікір

Қасиетті "Құрбан" айт мерекесіне орай  ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтановтың бастамасымен, Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдиновтың қолдауымен тұңғыш рет  аудан орталығынан  діни  сауат ашу курсының ғимараты ашылды.

Сауат ашу курсының мақсаты: Қасиетті де асыл дініміз исламның ілімін жас ұрпаққа тарату, бойына имандылық пен ізгілік сезімдерін қалыптастыру,  дініміздің құндылығын  жеткізу.

Ашылу салтанатына  ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан қажы Сұлтанов,  аудан әкімі Лавр Рашидұлы, КСРО-ға еңбегі сіңген ауыл шаруашылық қызметкері Мүсір Айтасов, БҚО әкімінің кеңесшісі Ербол Салықов, елге танымал еңбек ардагерлері Төлеген Мерғалиев, Нәсіпқали Иманғалиұлы, Ғабдырашит Карменов, зиялы қауым мен меймандар қатысты.

Алдымен  қасиетті құран кәрімді аудандық мешітінің бас имамы Мұратбек Жахатов оқып, дұға жасады.

Орал орталық мешітінің бас имамы Руслан қажы Тыныштықұлы  сөз алып, Жаңақала ауданының жұртшылығын келіп жеткен айт мерекесімен құттықтап, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының  дұғай сәлемін жеткізіп,  Қазақтың ғұлама ойшылдары Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп бәрі де білім жолын медреседен бастағандығын жеткізіп, "Білім" жайында уағыз айтып, көпшілік ықыласына бөленді. Иманды азаматтарға  Алла Тағала разы болсын,-деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Одан кейін аудан басшысы Лавр Рашидұлы: рухани орталық болып, үлкенді-кішіміз  имандылықты үйреніп, екі дүниенің бақыты мен білімін нәсіп етсін,-деп ақ тілегін жеткізді.

Жиналған қауым жаңадан ашылған сауат ашу курсының ғимаратын аралап, қазіргі заман талабына сай жабдықталғанын көріп, ризалықтарын білдірді.

Ақдастархан жайылып, облыс имамы Руслан қажы Тыныштықұлы  аудан жамағатымен жүздесіп, "Имандылық пен бірлік" жайында уағыз айтып, ауылдың  иманды азаматы, ел ағасы Төлеген ақсақал дұға жасады.

Одан кейін  облыс имамы "Даңқ" саябағының  ашылу салтанатына қатысты.

Нұрлан САМАТҰЛЫ,

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру