Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Құрбан айт – құтты мереке

27.09.2015 3334 0 пікір

Үш күн бойы аталып өтілетін бұл мейрамның барша мұсылмандар үшін мән-маңызы аса зор, өнегесі өзгеше. Ауқатты, тұрмысы жақсы адамдар Ұлы Жаратушы Иеміз — Алла разылығы үшін құрбандық шалып, кедей әрі мұқтаж адамдарға, міскін жандарға қамқорлық көрсетеді. Осындай ұлық  мереке Сәтбаев қаласы «Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінде аталып өтті. Жиналған жамағатты Сәтбаев қаласының әкімі Омаров Әнуар Серікбайұлы құттықтап, сөз сөйледі.

Аймақ басшысының құттықтауында қажылық бес парыздың бірі болғандықтан, елімізден қажылық сапарына жол тартқан отандастарымыздың қажылықтары қабыл болсын деп тілек айтып, барша жиналған қауымды ұлық мерекемен құттықтады.

Айт намазын оқып болған соң, мешітіміздің ауласындағы киіз үй мен мешіт асханасында жамағатқа ас берілді. Дәм алған соң мешіт ауласында ұйымдастырылған қазақ күресіне жалындаған жастарымыз қатысып, сайыс тартысты өтті. 70 келіге дейінгі салмақта 1-орынды Сәкенов Мадияр, 2-орынды Рахымберлі Нұрбол, 3-орынды Әшімов Диас иеленіп, бұл жүлдегерлерге сыйлық пен марапаттау қағазы берілді.

Ал, түйе палуан атанып бас жүлдені қанжығасына Сүлейменов Жәнібек байласа, 2-орынды Сәкенов Мадияр, 3-орынға Жапаров Самат ие болды. Жүлделі орынға ие болған палуандарды Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Имамбай Серік Сағынатұлы мен Сәтбаев қаласы «Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің наиб имамы Жанат Рахат Жанатұлы құттықтап, марапаттады.

Бұл ұлық мейрам мешітімізде әрі қарай жалғасын тауып «Құрбан айт - құтты мереке» атты қайырымдылық шарасы бастау алды. Осы іс-шараны естіген жомарт жандар, Сәтбаев қаласы әкімшілігі, қаламыздың кеншілері мен кәсіпкер азаматтар өздерінің құрбандықтарының еттерін мешітімізге алып келіп, көмекке мұқтаж жандарға деген өз ықыластарын білдіріп жатты. Мұқтаж жандардың ішінде тұрмысы төмен, көп балалы, мүгедек жандар болды. Тізім бойынша 70 жанұяға ет тағамы күйінде жәрдем берілді. Бұндай іс-шаралар алдағы уақытта әлі де өз жалғасын табады деген сенімдеміз. 

 

Сәтбаев қаласы

«Балмағанбет Балқыбайұлы»

мешітінің баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру