Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазыналы білімнің бастауы болған Құрбан айт! (ФОТО)

26.09.2015 3285 0 пікір

Қос қасиетті күнде яғни  Құрбан айт пен жұма күні Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне Рахман нұры құйыла түсті. Өткен қасиетті Рамазан айында тұсауы кесілген «Білім-Қазына» қоғамдық қоры университет ұжымы мен жұма намазына келген арнайы қонақтарға арнап мерекелік шара ұйымдастырды. Беташары  қасиетті Құран аяттарымен ашылған  мерекеде  ректор, доктор, профессор Жуда Абдулғани Басюни мен прорекор, профессор  Шамшәдин Керім мырзалар құттықтау жолдап, пайғамбарлар атасы  Ибраһим (а.с.)  мен перзенті Исмаилдің (а.с.) ғибратты ғұмырынан бастау алған мерекенің мән-мағынасына тоқталып өтті. Бұл шын мәнінде күллі адамзат үшін өшпес өнеге, бүгінде Алла жолында  перзенті тұрмақ мақұлық малын да қиюға қиынсынған пенделер көбейген қоғам үшін ғибрат берер  мемлекеттік мәртебеге ие болған ұлық мереке. Осындай орамды ойларды ортаға салған қойылым  мен  есті ән мен саналы жырдан шашу шашқан студенттердің өнеріне көпшілік тәнті болды. Ал осы мерекені ұйымдастырушы «Білім-Қазына» қорының директоры Рахымжан Әкімбеков мырза Нұр-Мүбарак университетінің 15 жылғы статистикасына тоқталып, білім жолына түскен  2189 студенттің 555-і  қаржы тапшылығы мен түрлі әлеуметтік жағдайларға байланысты оқуларын жалғастыра алмағанын айтты. Оның төрттен бірі исламтану мамандығына ниет еткендер. Ал университетке көбіне алыс шалғай ауылдардан, әлеуметтік жағдайы қолдауға мұқтаж қарадомалақтар  арман арқалап келеді. Қазіргі білімді  имамдар жетіспей тұрған кезеңде бұл ойланарлық мәселе. Мемлекеттік білім гранты  2011 жылдан бастап  жылына 100-150-ден бөліне бастауы да едәуір ілгерілеушілікке жол ашқанмен, оның өзі теңізге түскен тамшыдай. Сондықтан  «Білім-Қазына» қоры осындай білім жолына түскен талапкерлер мен діни, ғылыми еңбектердің жарық көруіне  қолдау жасауды мақсат етуде. Мерекенің салтанатты бөлімін аяқтаған  «Атамекен» әніне бүкіл залдың тік тұрып қошемет көрсетуі бұл білім шаңырағында нағыз Отанын сүйетін иманды жастардың тәрбиеленіп жатқанын аңғартқандай.

Игілікті шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері бастап та кетіпті. Алматы қаласындағы мешіттер атынан студенттерге құрбандықтан 600 кг. ет тарту етіп, оның бір бөлігі  мерекенің салтанатты бөлімінен кейін 400-ге жуық  студенттер мен қонақтарға айттық дастарханға қойылып, жұртышылық мәре-сәре, мерекеге келген балаларға дейін мәз болды.  

 Ал Нұр-Мүбарак студенттері болса, өз тарапынан  айт намазы мен Жұма намазына жиылған жамағатқа түрлі қолдан жасалған дәмді тағамдар мен тәтті-пұтты сусындар жәрмеңкесін жасап, түскен қаржы қайырымдылық мақсатында қорға аударылды. Жұма күнге жұмылдырылған мереке соңы  спорттық сайыстарға ұласты. Университеттің дене шынықттыру пәнінің ұстаздары мен Жастар комитеті бірігіп түрлі спорттық жарыстар  ұйымдастырып, жеңімпаздар ақшалай марапатталды. Ал арқан тартыстан бірлік пен біліктің үлгісін көрсеткен ұстаздар командасы ақшалай сыйақысын ең жеңімпаз белсенді студентке табыс етті.

Осылайша студенттер үшін өмірлік тәжірибенің алғашқы сабақтары іспеттес бірлік пен қайырымдылық, бауырмалдық пен жомарттық сынды асыл  қасиеттердің шынайы көрінісін ұштастырған  Құрбан айт мерекесі Нұр-Мүбарак университетінде сән салтанатымен атап өтілді.

 

Айша Кеңесбай

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру