Күллі мұсылман баласының ұлық мерекесі Ақтөбе облысында ерекше ықыласпен тойлануда.
Қасиетті мереке Жаратушымызға мадақ айтыла, «Ақтөбе» медресесінің меңгерушісі Нұрғалиев Бауыржан құрбан айт мерекесінің маңызы мен қадір-қасиеті туралы көпшілікке уағыз айтып, айт намазының оқылуынан басталды. Сонымен қатар, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған қауымды құрбан айт мейрамымен құттықтап, ізгі ниетін жолдады. Сондай-ақ, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің наиб имамы Серікжан Еншібайұлы «Нұр-Ғасыр» мешітінің атынан облысымыздың әкімі Бердібек Машбекұлына Алла Тағаланың кәләмі Құран Кәрімді сыйға тартып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының құрбан айт мерекесімен құттықтауын жеткізді.
Айт намазы оқылып болған соң, құрбандық шалу рәсімі басталды. Облыс әкімінен бастап, мекеме басшылары өз құрбандықтарын шалып, етін көмекке мұқтаж отбасыларға таратты.
Мерекені әрі қарай қазақша күрес, арқан тартыс, қол күрес, гір көтеру сынды ұлттық ойындарымыз қыздырды.
Арқан тартысуда қаламыздың әрбір шағын аудандарынан командалар қатысып, бір-біріне есе жібермеуге тырысқан құрамалардың тартыстары мерекенің әрін аша түсті. Бұл бәсекелесте «Москва» шағын ауданының командасы 1-орынды иеленіп, басқалардан дара болды.
Білекті де қайсар жігіттеріміз қол күресіп, гір тасын көтеруде күш сынасып, намысқа тырысты. Білегінің күші тасыған нағыз қайратты азамат Жансейітов Саламат өзгелерден озық шығып, 1-орынға ие болды.
Қазақша күрес бойынша 80кг салмаққа дейінгі қатысушылар арасында Шортанбаев Нұрлан үздік болса, 80кг салмақтан жоғары күрескелер арасында Көбеген Айдосұлы жеңімпаз атанды.
Сайыс жеңіспаздарына арнайы кубоктар мен бір қойдан тарту етілсе, барлық қатысушыларға жайнамаз, хош иісті әтірлер сыйға берілді.
Мерейлі мерекеге жиналған халыққа ыстық бауырсақ таратылып, көже ұсынылды. Мешіт жанында тігілген киіз үй ішіндегі дастарханнан келген қонақтарымыз ауыз тиіп, думанды астан дәм татты. Сонымен қатар, мерекеге өз үлестерін қосушы қыз-келіншектер қолдан жасалған тағамдарынан шағын жәрмеңке ұйымдастырды.
Ұлық мерекені ұлықтауда барша ақтөбеліктер қуанышты көңіл-күйге бөленіп, ерекше әсермен тарқасты.
Қасиетті құрбан айт мүбәрак болып, Рахман Иеміз ізгілік пен игілік мейрамындағы риясыз ниеттерімізді қабыл етіп, барша мұсылман баласын өз мейіріміне бөлесін деп тілейміз!
Есберген Айгерім
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешіті
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.09.2015
3488
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру