Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Құрбан айтқа даярлық жүргізілуде

22.09.2015 3442 0 пікір

Алдағы бейсенбі, қыркүйектің 24-і күні күллі мұсылман әлемі ұлық мереке құрбан айт мейрамын атап өтпек. Асыл дініміздегі осынау айтулы күннің мән-маңыздылығы жайында бүгін қалалық Семей баспасөз клубында шаһарымыздағы дін қызметкерлері БАҚ өкілдеріне арнап басқосу өткізді.

Баспасөз мәслихатын ҚМДБ-ның Семей өңірі бойынша өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай мерекелік құттықтау сөзбен ашты. 

 "Ислам әлемінде екі ұлық мереке болса, соның бірі Құрбан айт мейрамы. Дәстүрлі дінімізде маңыздылығы зор бұл мереке Жаратушы алдындағы тақуалықты ғана емес, адамдар арасындағы мейірімділікті нығайтып, қайырымдылыққа шақыратын, ауызбіршілігімізді арттыруда берері мол атаулы күн. Осы орайда барша семейліктерге ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының ізгі лебізін жеткізгім келеді", - деп атап өткен Мақсат Қуанышұлы Құрбан айт мерекесімен құттықтап өтті.

Сондай-ақ дәстүрлі Ханафи мәзһабы аясында уәжіб амал саналатын құрбандық шалу ғибадатының амал-шарттарын, шығу тарихын да Құран аяттары мен хадистер арқылы түсіндіріп берді. Бабаларымыз құлшылықтың бұл түріне ерекше ыждағаттылық танытқан.

Бүгінде мүфтият тарапынан тиісті пәрмен беріліп, жер-жерлердегі мешіттердегі тәрізді Семей қаласындағы ғибадат үйлерінде де атаулы күнге даярлық шаралары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, қазіргі күні шаһардағы Әнет баба атындағы қос мұнаралы орталық мешіт пен Төлеубек қажы мешіті жанынан құрбандық малы сойылатын арнайы орындар әзірленіп, ол жердегі санитарлық-тазалық шараларына жауапты адамдар бекітілген. Сонымен қатар, шалынған мал етін қабылдайтын пункттер де жұмыс істемек. Бұл ретте ниет еткен жандар өткізген ет қарттар үйі мен балалар үйі тәрізді әлеуметтік мекемелерге, мешітке көмек сұрап келген тұрмысы төмен отбасыларға таратылып берілетін болады. Дінбасымыздың тапсырмасына сай ұлттық нақышта мерекелік шара өтеді. Қазақтың ойындары ойнатылып жас ұрпаққа  ұлықтап, ағайын-туысты құттықтап, ұлық мерекені жоғары деңгейде тойлауымыз керек, -деді өкіл имам.

Ал өз кезегінде сөз алған Төлеубек қажы мешітінің бас имамы Ұлан Шырайымбеков құрбандық мал шалудың тәртібі, уақыты, құрбандыққа шалынатын түліктер және олардың ерекшеліктері жайлы түсіндіріп өтті.

Дін қызметкерлері сонымен қатар арапа күнгі айтқа даярлық шаралары жайлы да тоқталып өтті. Айта кетсек, құрбан айт намазы 24 қыркүйекте таңертеңгі сағат 8-00-де қаламыздағы барлық мешіттерде оқылатын болады. Ал құрбандық тек осы намаздан кейін ғана, айттың үшінші күні екінті уақытына дейінгі аралықта шалынуы тиіс.

Баспасөз мәслихаты барысында журналистер тарапынан аталмыш мереке жайлы һәм қажылық сапарына аттанушы жерлестеріміз жайында да бірқатар сауалдар қойылып, тұщымды әңгіме өрбіді.

 

Қос мұнаралы Орталық

мешіттің баспасөз қызметі.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру