
Қасиетті сапарға қазақ елінің түкпір-түкпірінен барлық қажыларымыз қадірлі мекенге аттанып, барлығы аман-есен жеткендіктерінен хабардармыз. Соның ішінде Ақтөбе облысынан аттанған барша жерлестеріміздің Медине одан әрі Мекке қалаларына есендікпен жетіп, сапар шегудегі негізгі миссияларының алғашқы баспалдақтарын орындап жатқандықтарынан Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы, әріптесіміз Аетова Балауса хабардар етіп, өңірлестеріміздің қасиетті қалаға жайдары, жарқын көңіл-күймен, сәтті сапар болып, жол бойында ешқандай кедергілер мен келеңсіздіктер орын алмай, амандықта Мекке қаласына жетті.





«Жол бойы мағыналы әңгімелер айтылып, қажылық жасаудың қыр-сырын жақсы меңгеріп, биылғы жыл үшінші рет қасиетті мекенге сапар шегіп отырған Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр мешітінің» молдасы Жайылхан атамыз сапарластарына уағыз-насихат айтып, жолаушылардың қасиетті мекенге деген ынтызарлықтарын одан сайын арттыра түсті»,- дейді, Балауса әріптесіміз.





Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғұмыр кешіп, Алла Тағала өзге мекендерден мәртебесін биік еткен Мекке қаласына жеткеннен кейін жерлестеріміз бір-біріне қасиетті Құран кітаптары мен жайнамаз сынды шағын сыйлықтар мен тартулар жасап, қуанышты күйлерін одан әрі жадырата түсіп, дүниеде тең келер сусын табылмас зәм-зәм суынан қанғанша, мейірлене ішіп, Жаратушымыздың осыншама санасақ санына жете алмас нығметтерінің біріне қауышып, еріксіз шаттыққа бөленген ерекше әсерлерін жай сөзбен жеткізе алмай жатқандықтарын, олармен байланысқа шығып, тілдесу барысында аңғару қиын болмады.




Иә, ерекше нығметтерге тұнған қасиетті мекенге алғаш барған пенденің толқыныссыз ішкі сырын жеткізуі мүмкін емес шығар, сірә. Өйткені, барша мұсылман баласы ғұмырында бір рет болса да көруді арман ететін Мекке шаһарына жол түсу кез-келген пенденің бағына бұйыра бермейтін ерекше нығмет екенін тағы да қайталап айтқымыз келеді.

Алла Тағала отандастарымыздың құлшылығы қабыл, күнәдан тазарған қалыптарында елге оралуды нәсіп етіп, алдағы жылы қажылық парызын өтеуші қазақстандықтардың санын биылғы жылдан екі есе арттыруын шын ниетпен тілейміз!
Есберген Айгерім
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешіті
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
18.09.2015
4200
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру