Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбеде әйелдерге арналған тұңғыш діни сауат ашу орталығы ашылды!

16.09.2015 3835 0 пікір

15-қыркүйек күні қаламызда әйелдерге арналған тұңғыш рет діни сауат ашу орталығы ашылды. Жаратушы Иемізге сансыз мақтау-мадақтар болсын!

Дініміз Ислам − ілім алуға, сауатты болуға шақыратын дін. Алла Тағала ең алғаш Құран аяттарын уахи еткенде «Алақ» сүресінде: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» - деген. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде «Әрбір мұсылман ер мен әйелге білім алу парыз» дегеніндей мұсылман баласының білімге, ғылым мен ізденіске ұмтылуы парыз. Оқу ізденіп, талаптану мұсылман баласының дәрежесін көтереді. Соның ішінде әйел баласының сауатты әрі білімді болуы – келешек ұрпақ кемелдігінің баспалдағы. Қазақ тарихында да талай ұлы ғұламаларымызды дүниеге әкелген дана аналарымыз бар екені белгілі. Сондықтан, әр шаңырақта салихалы  ұрпақтың өсіп-өну жолында әйел адамдарымыздың білім алуы өте маңызды.

Ақтөбе қаласында бұрын соңды әйелдерге арналған сауат орталықтары болмаған еді. Оқуға ынталы қыз балаларымыз мен мұсылман апаларымыз діни білім мен құран, тәджуид ілімдерін  мешіт жанындағы дәрісханалардан алып жүрсе, енді арнайы ашылған сауат ашу орталығынан қалаған уақытында келіп дәрістер ала алатын болады.

Орталықтың ашылу жиынына қаламыздың түкпірінен барша апаларымыз бен аналарымыз, әпке-сіңілілеріміз көптеп жиылды. Салтанатты жиынның ашылуын Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Бақытбек Тәжімбет қасиетті Құран оқып бастады. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің наиб имамдары Серікжан Еншібайұлы, Руслан Елемесов және сауат ашу орталығының әйелдер ұстазы Жансүгірова Бақыт арнайы сөйлеп, ізгі ниеттерін жеткізді. Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешіті ақсақалдар алқасының төрағасы Қабден Қуандық атамыз бата беріп, ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашты. Жиын соңында мұсылман апке-аналарымызға арналып дастархан жайылды.

Осындай діни орталықтың қаламызда бой көтеріп жатқанына барша жиналған әйелдер қауымы шын жүректен қуанышты екендіктерін жеткізіп, орталықтың ашылуына атсалысып, қолдау көрсеткен азаматтарға Алла Тағала күш-қуат пен берекет берсін деп, ыстық лебіздерін жеткізіп жатты.

Иә, елімізде Құран ілімін терең меңгеріп, хафыздар мен қарилардың көбеюіне үлес қосар аналарымыз көп болуды Жаратушымыз нәсіп еткей.

Сауат ашу орталығымыз сауапты амалдарымыздың көбейіп, аса мейірімді Жаббар Иеміздің сүйікті құлдарының қатарынан болуға себепші болар құтты мекендердің бірі болуды шын жүректен тілейміз!

 

Есберген Айгерім

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр-Ғасыр» мешіті

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру