Барша мұсылман баласына Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Оның жолына шамасы келген кісілер Алла үшін Қағбаны зиярат етуге (қажылық жасауға) міндетті. Ал кім қарсы келсе, Алла әлемдерге мұқтаж емес» («Әли Имран» сүресі, 97-аят), – деп бұйырады. Қасиетті аятта анық айтылғандай қажылық дәулеті мен байлығы жететін барша мүмін баласына міндет екені анық.
Осы мақсатта қасиетті ұлық мекенге биыл Ақтөбе облысы бойынша жалпы 180 адам қажылық сапарына парыздарын өтеу үшін аттанады.
Мұсылман баласының бесінші парызын орындауға аттанушы жолаушылардың бастапқы тобы кеше сапарын бастады. Оларды туған-туыстары мен дос –жарандары мен Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің және Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұжымы сапарға аттанушы жерлестерімізді ыстық ықыласпен, ізгі тілектер айтып, сапарларының оң болуын тілеп шығарып салды. Қажыларымыз кеше Ақтөбе — Алматы бағытындағы поездпен Алматыға қаласына аттанып, одан әрі қыркүйек айының 11-күні Медина қаласына тікелей сапар шегетін болады.
Ұлы сапарға жол жүруші бауырларымыздың ішінде ең жасы Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы Аетова Балауса болса, ең жасы үлкені 80 жасар Ұрқия әжеміз. Қадірлі де берекелі, Рахман Иеміздің рахметі жауған мүбәрак мекенге жастарымыздың да көптеп баруы елімізде дәстүрлі дініміздің асқақтап, кең өріс жайып жатқандығының бірден-бір дәлелі іспетті.
Қажылық сапарына бару бақытына ие болу кез-келген мұсылман баласына нәсіп бола бермейтін ерекше нығмет екені күмәнсіз. Осындай сансыз сауапқа қауыштырар мекенге аттанушы Алланың сүйікті құлдарының қатарынан табылған барша Ақтөбеліктер мен қазақ елінің азаматтырна сәтті қадам, ерекше сыйлар мен есепсіз нығметке толы сапар болуын шын жүректен тілейміз!
Абу Хурайра Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жаман сөз сөйлемей, күнәлі және орынсыз еш нәрсе жасамай, Аллаға қажылық жасаған адам анасы оны туған күнде қандай болса, солай оралады»,- деп, сүйіншілеп жеткізгеніндей барша қазақ елінен қажылыққа аттанушы азаматтарының да күнәдан тазарып, елімізге аман-есен Илляхи бақытқа кенелуші болып оралулары үшін үнемі тілекшіміз. Сондай-ақ, Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) :«Умрадан кейін умраны орындау олардың араларындағы күнәлардың өтеуі болады, мінсіз қажылыққа келер болсақ, ол үшін Жәннаттан өзге сый жоқ!», -дегеніндей өңірімізден аттанған барша мұсылман бауырларымыздың, осындай мінсіз қажылық орындаушылар қатарынан болуды Жаратушы Иеміз нәсіп еткей!
Есберген А.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр –Ғасыр мешіті»
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.09.2015
3761
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру