Жаз айларында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің студенттері мен қызметкерлері үшін шет елде білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасудың тағы бір игі үрдісі қалыптасып келеді. Еліміздің 2010 жылы халықаралық білім стандарттары талаптарына сай Болон декларациясына қосылуы әлемдік деңгейдегі білімге қолжетерлік жағдай туғызуға, білім сапасын арттыруға және студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының мобильдік тиімділігін көтеруге мүмкіндік ала бастады.
Нұр-Мүбарак университеті де Болондық үдеріске сай алдыңғы қатарлы шетелдік әріптес оқу орындарымен тығыз байланыстар орнатып келеді. Соның бірі Малайзияның Сұлтан Зейнел Абидин университетімен ғылыми байланыс орнатып, болашақ ғалымдар диссертациялық жұмыстарын жетілдіруге қол жеткізсе, ал жазғы маусымда университет студенттері мен қызметкерлеріне арнайы курс бойынша ағылшын тілін тереңдетіп меңгеруге де мүмкіндіктер жасалуда. Малайзияның Куало Теренгано штатында ағылшын тілін тереңдетіп келген университетіміздің бір топ студенттері мен қызметкерлері білімнің жаңа бір шыңына көтерілгендей. Тек білім алып қана қоймай, екі қоянды бір оқпен атқандай жазғы демалысты ұтымды әрі тиімді пайдалана білді.
Дәрістен өзге уақыттарда Куала Лумпурдегі Халықаралық ислам университетімен танысып, Азиядағы ең үлкен мұражайға барып, Малайзия тарихымен етене танысқан жерлестеріміздің таңданысында шек жоқ. Халал өндірісімен елді 95 пайызға дейін қамтып отырған малайзиялықтардың Ислам дінін өмір өзегіне айналдыруы қай жағынан болса да үлгі боларлық. Оңтүстік қытай теңізі жағалауына шомылып, ну тоғай Джунглиді көзбен көріп, Капас аралдарын ғана емес, теңіз түбіне дейін сүңгіп дайвинг жасап саяхаттаған нұр-мүбарактық тәлімгерлердің білім айлығы туристік сапармен жалғасып әрі пайдалы әрі қызықты ұйымдастырылған. Әлемдегі қасиетті үш мешіттен өзге атақты әрі көрнекті мешіттердің макеттері орналастырылған мұражайдағы әсердің жөні бөлек. Ал қолөнершілер ауылына барып, матаға сурет салудың да қыр-сырымен танысудың да әсері ерекше болды.
Бір қызығы қазақстандықтарды үйіне қонақ етіп шақырған Сұлтан Зейнел Абидин университетінің профессоры доктор Норизан бинти Абдулгани ханымның қонақжайлылығы бүкіл малай халқының болмысын байқатқандай. Тіпті ғаламтор арқылы халқымыздың сүйікті асы қуырдақты әзірлеген ғалым Нұр-Мүбарак университетінің білім талапкерлерін өткен жылы да қонақ етіп, төрін ұсынған.
«Олар біздің әсіресе шайқорлығымызға қайран қалды. Буы бұрқыраған шай ішкенімізге ыстық күні де адам ыстық шай ішеді екен-ау»,- деп таң қалды дейді білім сапарынан оралған отандастарымыз.
Бір айдай ағылшын тілін етене меңгеріп, тіпті еркін сөйлей бастағанын айтқан Нұр-Мүбарак университетінің өкілдеріне сертификат табыс етілген. Олар екі ел арасындағы әріптестік байланыстың тек білім жетілдіруде ғана емес, мәдениет, өркениет алмасуында әрі біздегі жоғары білімнің дамуына ықпалы зор деген сенімде. Университет басшылығы мұндай білім алу мүмкіндіктері болашақта да ұйымдастырыла беретіндігін айтады.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
09.09.2015
3961
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру