Оңтүстік Қазақстан облысынан қасиетті қажылық сапарға биыл 1800-ге жуық азамат аттанады. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте айтылды.
– Мұсылманның қасиетті парызының бірі – қажылықты орындау. Бұл орайда биыл республика бойынша 4000 азамат қасиетті сапарға аттанады. Оның ішінде 1800-ге жуығы (45%) біздің облыстың еншісінде. Ерекше атап өтерлік жайт, биыл қажылыққа елімізден тікелей әуе рейстері ашылып отыр. Қазақстан бен Сауд Арабиясы Корольдігі арасында қабылданған меморандумға сәйкес, еліміздің қажыларын тасымалдау құқығы «FlyNas» халықаралық әуекомпаниясына берілді. Енді Алматы-Жидда-Мәдина-Алматы бағыты бойынша тікелей рейстер орындалады. Қажылардың ұшып кету уақыты үстіміздегі жылдың 11-16 қыркүйек, ал ұшып келу уақыты 27 қыркүйек пен 7 қазан аралығында жүзеге асады, – дейді ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров.
Қажылыққа ниет еткен азаматтардың барлығы да тіркеуге алынып, тиісті екпелерін қабылдаған. Облыстық мешітте қажылық кезінде атқаратын ережелер мен тәртіптері түсіндірілген. Мұсылманшылық парызын өтеуге аттанатындарды бастап облыстан биіл үш имам аттанады. Бұдан өзге, екі ауыл имамы Қазақстанның Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының демеушілігімен қажылыққа тегін барып келу құрметіне ие болып отыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен биыл Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қазақ билері мен хандары атынан бәдел қажылық ұйымдастырылмақ екен.
– Халыққа түсінікті болу үшін баяндап кетейік, бәдел – бұрын қажылыққа барып келген адамның өзге адамның атынан жасалатын қажылығы. Аталған шара тұңғыш рет қолға алынып отыр. Бұл парызды орындау мақсатында облыс имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров үш жүздің басын қосқан қазақтың көрнекті тұлғасы Абылай ханның атынан, шешендігі мен турашылдығы арқылы халықтың жүрегінен орын алған әз Төлеби бабамыздың атынан Төлеби ауданының бас имамы Самат Анарбаев бәдел қажылық пырызын өтеуге ниеттеніп отыр, – деді ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек.
Жиын барысында сонымен бірге Құрбан айт мерекесін тойлау үрдістері де сөз болды. Шымкент қалалық А.Қаттани мешітінің бас имамы Бағдәулет Абдрахманов Құрбан айт мерекесі және құрбан шалудың пайдалары мен тәртібі туралы түсіндірді. Құрбан айт мерекесіне орай қала мешіттерінде бірқатар жұмыстар қолға алынған. Айт мерекесі күндері мешіттерде құрбандық шалу ісі ұйымдастырылады. Мерекені жоғары деңгейде өткізу үшін ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, мерекелік дастархан жайылады.
Облыстың бас имамы діни басқарманың қолдауымен өңірімізде атқарылып жатқан игілікті істерге де тоқталып өтті.
– Облыстық орталық мешіттің тікелей ұйытқы болуымен ағымдағы жылдың 1-30 тамызы аралығында облыс бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған өңіріміздегі барлық аудан, қалалалардағы мешіттер атсалысты. Жалпы, аталған акция аясында облыс көлемінде 1572 көмекке мұқтаж отбасыға жалпы құны 7 миллион 800 мың теңге шамасында көмек көрсетілді. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің қолдауымен Шымкент қаласында орналасқан «Шымкент» және «Сарыағаш» медреселерінің жанынан имамдардың білімін жетілдіру курстары бойынша наурыз-мамыр айларында 212 имам білім алып шықты. Ал, қалған 965 имам қыркүйек-желтоқсан айларында білімдерін жалғастырмақ, – деді Ахметжан қажы Керімбек.
Бас имам облыстағы діни оқу орындарының бағыт-бағдарын түсіндіріп, ондағы бітіруші түлектердің жұмыспен тиісті деңгейде қамтамасыз етіліп отырғанын да тілге тиек етті. Бас имамның мәлімдеуінше, биыл облыстағы «Шымкент» медресесін 31 ер және 18 қыз-бала, ал «Сарыағаш» медресесін 24 шәкірт бітіріп шыққан. Ал, «Нұр Мүбарак» Ислам мәдениеті унмверситетінің 15 студенті оқуын тәмамдап, елге келіп қызмет етуде. Айта кетерлігі, бұл оқу орындарын бітіруші шәкірттердің бәрі де бүгінде толық жұмыспен қамтылып отыр.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.09.2015
3873
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру