Ел ішіндегі имандылық деңгейі келелі болашақтың кепілі. Сондықтан еліміздегі ислам білімі мен ғылымының қара шаңырағына айналған Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті бірнеше облыстармен ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Мұндай бірлестік жобасын алғаш болып бастаған Қызылорда облысының әкімдігі Нұр-Мүбарак университетімен 2014 жылдың желтоқсан айында конфессияаралық қатынастар және өзара ынтымақтастықты арттыру жөніндегі меморандум қабылдаған еді. Сонымен қатар меморандумда аймақтағы діни радикализмнің алдын алу және осы бағыт бойынше еңбек ететін арнайы мамандар мен діни және мемлекеттік қызметкерлердің, дінтанушылардың біліктілігін арттыру мәселесі де қамтылған.
Меморандум аясында тамыз айының екінші жартысында Нұр-Мүбарак университетінің аппарат жетекшісі Болатбек Абуов бастаған ғалымдар делегациясы PhD докторы, профессор Ахмад Әл-Амир Мұхамед Жахин және PhD докторы Имад Мұхамед Әл-бәрғи Мұхамед мырзалар Сыр еліне арнайы сапармен барды. Ғалымдарды алдымен Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы қабылдап, облыстағы діни ахуалды талқылап, діни тұрақтылықты сақтау төңірегінде ақыл-кеңестер алды. Сапар Төретам кенті, Қармақшы, Қазалы аудандарында мешітке жиналған жамағаттармен кездесулермен жалғасты. «Республикалық және халықаралық деңгейдегі теолог мамандардың облысымыздағы жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы шеңберінде Қазалы аудандық «Жаңқожа батыр», «Қожаназар ишан», «Әли-Муса» мешіттерінде «Сананы улаған сан ағым» тақырыбында кездесу өтті.
Облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы, «Ұшқыр жебе» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған ғалымдар сапары Арал ауданында «Зайырлы қоғам және жоғары руханият» атты облыстық форуммен жалғасты. Елімізде орын алып жатқан түрлі адасушылықтардың алдын алып, халықтың діни тұрғыдағы сауаттылығын арттыру шарасына облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары М.Балабаев, облыстағы орталық және аудан мешіттерінің имамдары, аудандағы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар, мектеп директорлары мен мұғалімдері және дінтанушы мамандар қатысты. Ғалымдар форумға қатысушыларды теріс бағыттағы ағымдармен бүкіл қоғам болып бірлесе күресуге шақыра отырып, зайырлы қоғамдағы дінаралық татулықтың қағидаттарын, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі ұстанымды берік ұстануды насихаттады.
Сондай-ақ Арал аудандық орталық мешітінде доктор Имад Мұхамед Әл-бәрғи Мұхамед «Ғаламтордағы діни ағымдардан сақтану» тақырыбында, ал «Халал түсінігі» тақырыбында доктор, профессор Ахмад әл-Амир Мұхамед Жәхин Исмайыл баяндама жасады. Кездесу соңында жамағат көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, сауатты жауаптар алды.
«Бір қуанарлығы, біз барған аудандарда алдымыздан Нұр-Мүбарәк университетінің түлектері, шәкірттеріміз қарсы алып жатты. Алланың разылығы үшін қоғамға қызмет жасап жатқандарына риза болдық», - деді өз сөзінде доктор Ахмад әл-Әмір мырза.
Сауапты сапардың басты міндеті мешіт жамағаттарының діни сауаттылығын арттыру болғандықтан ғалымдар жұма намазында Қызылорда қаласында бірнеше мешіттің жамағатымен жүздесіп, сұрақтарына жауап берді.
17 тамыздан бастап бірнеше күн ауыл-аймақтағы ағайынмен бетпе-бет жүздескен Нұр-Мүбарак университетінің делегациясы «Қоғам-ТВ» арнасына «Дін мен Дәстүр» тақырыбы бойынша бірнеше бағдарламаға қатысып, көпшілік көкейіндегі өзекті сұрақтарға жауап берді. Облыстағы діни ахуалды қанағаттанарлыққа бағалаған ғалымдар шет аудандарда біліктілікті арттыруға бағытталған дәрістер жиі өткізіліп тұруына кеңес берді.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі






ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.08.2015
3353
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру