Павлодар облысы Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентінде Майқайың мешітінің ашылуына 20 жыл толу датасын үлкен мерекемен атап өтті. Жергілікті уақытпен сағат таңғы 10.00 мөлшерінде басталған шара күн екіндіге ауысқанға шейін жалғасты. Кент әкімідігі мен мешіт ұжымы бірлесіп ұйымдастырған аталмыш шараға кенттегі иісі мұсылман қауымы түгелдей атсалысты десе болады. Әлбетте мұндай игі шараның бас қасында кент әкімі Орда Қайыржанұлы Ермекбаев пен Майқайың кенті мешітінің бас имамы, «Аққайың» ҚҚ-ның директоры Солдат Бодаубек қажы әрқашан қатар жүретінін ауыл халқы біледі. Сонымен қатар Баянауыл аудандық «Мұса мырза» мешітінің имамдары мен ұстаздары осы ауданға қарасты барлық ауыл мешіті имамдары да кент мешітінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында мешіт шәкірттері арасына арнайы ұйымдпстырылған Құран оқу жарысына шәкірттерін белсенді қатыстырды.
Алдымен қасиетті Құран аяттары оқылып, келесіде ауылдың аузы дуалы ақсақалдарының алқалы батасымен пердесі ашылған рухани шара кент өнерпаздарының асқақтата салған иләһи ән-күйлерімен өрнектелді. Шара барысында сонау қиын-қыстау 90-шы жылдары мешіттің алғашқы іргетасын қалауға үлкен еңбек сіңірген Рахметов Мұрат Дүйсенбайұлы мен мешіт құрылысын жүргізген «Ерболат+Д» ЖШС-нің құрметіне мешіт қабырғасына орнатылған ескерткіш тақта салтанатпен ашылды. Келесі кезекте кент ардагерлері, қадірменді аталар мен апалар атынан сөз алған адамдар мешіт ашылған алғашқы кездегі өңірдегі діни ахуал мен бүгінгі жамағатпен көркейген мешіт туралы ыстық лебіздерін білдіріп, ауыл халқын құттықтап жатты. Олардың қатарында Баянауыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Табысбеков Талғат қатарлы жауапты мемлекеттік қызметшілер де болды.
Мешіттің 20 жылдық мерекесіне арналып «Аққайың» ҚҚ-ы арнайы тапсырыспен жасатқан мерекелік медаль және төсбелгі 20 жыл бұрын мешіт салу ісін ізгі ниетімен қолдаған Баязитов Қылышбек Игенұлы, Ордабаев Ерболат Мұқанұлы, Жакеев Қайырбек Раушанұлы, Нұрғали Рақымғали Ниязбекұлы қатарлы азаматтармен қатар осы өңірде асыл дінімізді насихаттау, дамыту ісіне атсалысқан біршама азаматтардың өңірінде жарқырады. Мешіт ауласына сымбаты мен сырын келістіріп отырып тіккен төрт киіз үйде алыс-жуықтан арнайы шақырумен келген қонақтар мен қоса мерекенің көрігін қыздырған «Сырласу», «Сымбат», «Ялкын» вокал топтары өнерпаздары, ауыл тұрғындарына мерекелік ас беріліп, жалғастырып бесін намазын жамағатпен өтеген көпшілік аталмыш күннің құрметіне орай барлық салмақтар бойынша жүргізілген «Қазақша күрес» сайысын тамашалады.
Сауабы қияметке дейін сансыз еселеніп жазылатын Алланың үйі болған мешітті тұрғызу, зекет беру, мұқтаж адамдарға қайырымдылық көмек жасау секілді игі амалдарды үздіксіз жасауда Майқайыңдықтар өзге аудан тұрғындарына үнемі үлгі көрсетіп, алдыңғы сапта көрініп келеді. Ендеше ауыл халқына Алла Тағала дұға-тілектеріңізді, әрбір қайырлы амалдарыңызды қабыл етіп, құт-береке мен мол ырыс әкелсін!,-демекпіз.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
18.08.2015
4646
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру