Қасиеті мол Рамазан айында Алла разылығы үшін ораза ұстаған Атыраулық ағайындар айт намазын оқу үшін таңмен ерте шаһар мешіттеріне асықты. Облыстық «Иманғали» орталық мешітіне келген ағайында да шек болмады. Іші-сырты лық толы мешітке айт намазын өтеуге келгендердің саны шамамен бес мыңның үстіне шықты.
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров әуелі ораза айттың шығу тарихына тоқталды. Және де айт мерекесінің мән-маңызын түсіндіріп, жасалуы сауапты болған игі істер жайында уағыз-насихат жасады.
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Дүйсембаев Ғұмар Исламұлы мешітке арнайы келіп, жиналған барша халықты ораза айт мерекемен облыс әкімінің атынан құттықтады. Сондай-ақ, айт мерекесінің құрметіне жайылған дастарханның қонағы болды.
Ораза айт мерекесіне орай өңір имамы Батыржан Берденұлының бастамасымен мешіт ауласына балаларға арналып, ойын алаңдары құрылды. Оған ата-анасымен мешітке келген балақайлар емен-жарқын ойнап, өзара асыр салды. Сондай-ақ, айт мерекесінде ұлттық ойындарымыз да жаңғырды. Дәлірек айтқанда, мешіт жамағаттарының арасында қазақша күрес, кір тасын көтеру және қол күрес бойынша сайыстар ұйымдастырылды.
Өз күштерін сынап көрмек болған палуандар, бел ұстасып қазақы күресті қыздырса, білектілер де қарап қалмай, теңдестерімен қол күресіне түсті. Сондай-ақ, кір тасын көтерген жамағаттарымыз өздерінің мықтылығын көп алдында сынап көрді. Иә, аталған ұлттық сайыстар бойынша мықты шыққан барша жеңімпаз жамағаттарға мешіт тарапынан сый-сияпаттар жасалды.
Осылай ораза айт күнгі игі шаралар бірінен кейін бірі жұма намазына дейін жалғасты. Ал, халық «Иманғали» орталық мешіті ұйымдастырған мерекелік шараны көзбен көріп, игі істеріне ризашылықтарын білдірді.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.07.2015
2793
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру