Маңғыстау облыстық орталық мешітінде мұсылман жамағаты Айт мерекесін тойлады. Айт намазы басталмастан бұрын өкіл имам Смайыл Сейтбеков айт күнінің әдептері мен осы күні жасалатын абзал амалдар жайында және адам бойындағы жақсы қасиеттер туралы уағыз насихат жүргізді.
Мұнан соң жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7:00 де айт намазы оқылды. Отыз күн оразаны аяқтап, шат шадыман күй кешкен мұсылмандардың мерекесіне облыс әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұлов арнайы келіп, жиналған жамағатты Алланың ұлық еткен мейрамының келіп жетуімен құттықтап, тілек білдірді.
Сауабы ерекше айт намазына қатысып, бір -біріне жылышырай танытып, қуанысқан жамағатқа мешіт ауласына тігілген киіз үйлерден ас берілді.
Әрқайсысы 100 кісілік 4 киіз үйде мол дастархан жайылып, қасиетті ай бойы құлшылықтары мен қайырымды істерін арттырып, Алладан зор үміт күткен мешіт жамағаты айт дастарханына қонақ болды.
Орталық мешіттің ұйымдастыруыменен айт мейрамының құрметіне спорттық шаралар өткізілді. Қазақша күрес, кір тасын көтеру, асық ату ойындарына мерекеге жиналғандар бір кісідей ат салысты. Айттың көркін қыздырған спорт сайысында жеңімпаздар бағалы тұрмыстық техникалармен марапатталды.
Ізгілік пен қайырымдылықтың, қуаныш пен шаттықтың мерекесі Ораза Айтта орталық мешіт ауласына тігілген киіз үйлерден мыңнан аса адам дәм татты. Олардың ішінде арнайы шақырылған тұрмысы төмен отбасылар мен көп балалы жанұялар да айт дастарханының меймандары болды.
Маңғыстау облыстық орталық
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.07.2015
2983
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру