Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде Маңғыстау облыстық орталық мешіті көптеген шаралар өткізді. Сол күні мешітке ағылған адам санында шек болмады. Бес мыңнан астам адам жиналған орталық мешіт ішінен облыстық "Қазақстан Ақтау" телеарнасының қызметкерлері тікелей эфирде Қадір түніне арналған хабар таратты. Мешіт ауласына тігілген киіз үйлер мен шатырда берілген ауызашардан соң жиналған жамағат тарауих намазын оқыды.
Мұнан кейін арнайы бағдарламаға сәйкес өкіл имам С.Сейтбеков "Қадір түнінің артықшылығы" жайында, найб имам Құрманбек Абдалиев "Намаздың ұлықтығы" туралы, найб имам Еркеғали Албетов "Тәубе" тақырыбында уағыз жүргізді.
Жаратқан Иенің қасиетті де құрметті еткен Қадір түнінде Алла үйіне құлшылық етуге адамдар толассыз келіп жатты. Имандылықты жандарына серік етіп, Алладан рақым күткен жандар имамдардың уағыз насихатын ұйып тыңдап, арнайы даярланған сұрақ жауаптарға қатысты. Көпшіліктің білімге деген ықыласын ояту мақсатында Ислам дініне қатысты сауалдар қойылып, жауап бергендерге "Рамазан" кітаптар жиынтығы сыйға берілді.
Мешіт ішіне сыймаған мұсылмандар мешіт ауласына қойылған Led экраннан дін теологтары Ерсін Әміре, Әбсаттар Сманов, Арман Қуанышбаевтардың жүрек тебірентер уағыздарын тыңдады.
Мұнан соң Қадір түнінің ұлықтығын сезініп, Алланы зікір еткен жамағат тізіле сапқа тұрып тасбих намазын оқыды.
Жаздың қысқа түні көзді ашып жұмғанша өте шығып, сәресі уақыты болғанда мың адамға жайылған дастарханнан мешітке келген жамағат ауыз бекітті.
Қадір түнін мешітте қарсы алып, Аллаға деген ниеттерін құлшылықпен арнаған мұсылмандар бір біріне ізгі тілек айтып, ойлаған арман мақсаттарының, Алла разылығы үшін жасалған істерінің қабыл болуын айтып тарасты.
Маңғыстау облыстық орталық
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.07.2015
3232
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру