Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЙТ МЕРЕКЕСІ КЕРЕКУ ӨҢІРІНДЕ

17.07.2015 3037 0 пікір

Жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамының алғашқы күні  Айт намазы Павлодар облысы бойынша  таңғы  06.00 сағатта барлық мешіттерде  жүрілді.  Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітіне лық тола жиналған жамағатты  алдымен ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Исенов  қасиетті Рамазан айт мерекесімен құттықтап, жарты сағат уағыз-насихаттар айтты. Келесі кезекте Айт намазы оқылып, айт құтбасы жүріліп, жамағатпен бірлесіп  Алла Тағалаға  тәкбірлер айтылып,  елімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік, байлық-молшылық, ел бастаған азаматтарға хидаят, тәуба,шүкіршілік тілеп, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі  Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етіп, бата жасалды.

Ал келесі кезекте сағат 9.00-13.00  аралығында орталық мешіт ауласына Айт мерекесі құрметіне орай арнайы тігілген екі киіз үйге және үй сыртына  шелпек, бауырсақ, палау пісіріліп,  әдеттегіден сәні де, салтанаты да  ерекше мерекелік дастарқан жайылып, мерекеге жиналған жамағаттар кезектесіп қонақ болды. Сондай-ақ  мешіт ауласындағы киіз үйлер сыртында жасалған  Айт дастархандарынан айт намазына қатысқан  үлкен-кіші қауым түгелдей  дәм татты. Сонымен қатар Айт құрметіне арналып жамағат арасына жүргізілген «Қол күрестіру», «Гир көтеру», «Арқан тарту» сайыстарына  мешіт жамағаттары белсене қатысса, балалар мен бүлдіршіндер арасына да әртүрлі  қызықты ойындар ұйымдастырылды.

Осылайша қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені облысымыздағы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтті.

Ораза Айт баршамыз үшін құтты болсын! Туған Отанымыз - Қазақстанымыз бейбітшілік пен татулықтың құшағында өсіп-өркендеп, ана тіліміздің мәртебесі арта берсін, ислам діні қанатын кеңге жая берсін! Қазақстандағы әрбір шаңырақтың құт-берекесі молая түссін!

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру