Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Семей халқы Ораза айт намазын оқыды (ФОТО)

17.07.2015 2705 0 пікір

Жаратқанның қалауымен бір ай бойы Ораза тұтып, Ораза айт мерекесіне де жеттік. Кеше барша қазақстандық мұсылмандар отыз күн Оразаны тәмамдап, өзара «Ораза айт қабыл болсын!» айтып, ауыз ашты.

Мұсылмандар үшін екі мереке бар екенін білеміз. Олар – Ораза айт пен Құрбан айт. 

Мухаддис Әбу Дәуіт сахаба Әнастан (р.а.) жеткізген хадисте дініміздегі қос мерекенің пайда болуы былай баяндалады: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға келгенде,  олардың екі мерекесі болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл қандай күндер?», – деп сұрағанда: «Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын, күлкiмен өткiзетiн едiк», – дедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды», – дедi». Сонымен қатар, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла тағала перiштелерге: «Ей, перiштелерiм, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды  мағфират еттім», – дейді». Осы хадистерден айт намазының Ораза тұтқан мұсылмандар үшін қаншалықты маңызды  және қасиетті екенін білуге болады.

Семей аймағының өкіл имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы барлық Қала жұртшылығын  мұсылман әлемінің қастерлі мерекесі Ораза айт мейрамымен құттықтап: «Қасиетті Рамазан айы аяқталғанын білдіретін бұл мереке – исламның ғасырлардан бергі игі дәстүрінің, оның маңызды рухани құндылығы болған кең пейілдің, жақсылық пен мейірімділіктің көрінісі. Қасиетті Ораза айт мерекесі арамыздағы ынтымағымызды нығайтып, шаңырағымызға бейбітшілік пен мол игілік, береке әкелсін! Ынтымағымызды нығайта отырып, біз қоғамдағы ұлттық мәдени және рухани алуандылықты сақтауға, азаматтар арасындағы өзара құрмет пен сенімнің нығаюына одан әрі ықпал етуіміз қажет», – деді және ары қарай сөзін Ораза айт мейрамының қасиеті, маңызы және адамгершілік, бірлік тақырыбындағы  уағызымен  жалғастырды.

Тамаша уағыз-насихат пен құттықтаулардан кейін жамағат ораза айт намазын оқу үшін сапқа тұрды.

Осы қасиетті айт мерекесінде барша мұсылман қауымға амандық-саулық және ауыз біршілік тілейміз.

 

 

Қос мұнаралы орталық

мешітінің баспасөз қызметі.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру