Шілде айының 13-нен 14-не қараған түні ораза айындағы түндердің ең қасиеттісі Қадір түнінде облыстық мешітке жамағат көп жиналды. Жаратқаннан елімізге, тума-туыстарына амандық тілеп, біліп-білмей істеген қателіктеріне кешірім сұрап, тәубаға келген ораза ұстаушылар намазға жығылып, жүздерін құбылаға бұрды.
Осы түні облыс әкімі атынан мешітке келгендерге ауыз ашар берілді.
Қасиетті түнге аман-есен жетіп, Алланың құлшылығына, тәубе етуге келген облыс тұрғындарына өңір басшысы Нұрлан Ноғаев амандық тіледі.
– Бүгінгі сәтті пайдалана отырып, жалпы мұсылмандар қауымын Қасиетті Рамазан айындағы Қадір кешімен шын жүректен құттықтаймын! Қайнаған тіршілікте күннің ыстығына қарамастан рухани байлықтарын молайту жолында жүрген жандармен араласа жүріп, Алланың кез-келген сынағын қасқайып қарсалуға болатынын естіп жүрміз. Бұл орайда облыстық имам мен діни мамандар, абыз ақсақалдар да өз үндерін қосып келеді. Қадір түніндегі құлшылықтарыңыз қабыл болсын! Елімізге, жұртымызға амандық берсін. Осы сәтке жете алмай кеткен қаншама мұсылман бауырларымыз бар. Сондықтан осы бейбіт өмірімізге шүкіршілік етейік. Еліміздің басынан бақ береке кетпесін. Отыз күн ораза ұстап, жаратқаннан тілеген ниеттеріңіз қабыл болсын" ,– деген өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы ораза айында Ақ Жайық жеріне арнайы ат басын бұрған Рамазан қаридың иығына шапан жапты.
Бұдан соң өңірімізге танымал жас ақын Талғат Мықи Қадір түніне арнау арнап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов бұл түні аспан айқара ашылып, мыңдаған періштелер жерге түсетін және олардың саны жердегі қиыршық тастардан да көп болатынын жеткізіп, қасиетті түні құлшылық жасай келген әр жанның жүрегіне имандылық нұрын тіледі. – Жаратқан қадір түнін мың айдан да артық етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді. Бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен осы түні жасаған дұғаларымыз бен тілектеріміз қабыл болсын. Мұратымыз асыл болсын, келер жылы осындай жақсы ай, жақсы күндерде аман-есен жете беруге нәсіп етсін, – деп сөзін түйген бас имам ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға облыстық мешіттің атынан сыйлықтар үлестірді. Ақдастархан басында орталық мешітінің "Ақсақал" алқасының мүшелері Амангелді Абдрахманов пени Мақсот қажы Құсәлиев ақ тілектерін жиналған қауымға жеткізді.
Одан кейін Рамазан қари сөз алып, облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына, Орал шаһарының әкімі Алтай Селдірұлына, облыс имамы Руслан Тынышұлына өз ризашылығын білдіріп, Түрік елінің ыстық сәлемін айтып, Қазақ елінің құшағының кеңдігін мақтан етіп, Жастарға имандылық, ақсақалдарға ұзын өмір тілеп, Қазақ жерінде емес, өзім елімде жүргендей сезіндім деді, -Рамазан қари.
Қадір кешінде мешітіміздің найб имамы Мұратбек Қыстаубаев, Нұркен Дінмұқан "Қадір түні" жайында уағыздарды кеңінен айтып, сұрақ-жауап арқылы кеш ажарын аша түсіп, жауап бергендерге орталық мешітінің атынан сыйлықтар берілді. Бұдан соң ораза кезінде ауызашар рәсіміне қолдау-көмек көрсетіп отырған жергілікті кәсіпкерлерге алғыс жаудырылып, қадір түнінің кереметі жөнінде уағыздар айтылып, ауыз ашардың шырайын келтіре түсті.
Жиналған жамағат мешіттен оразаларын бекітіп, таң намазын оқып, жарқын-көңіл-күймен тарасты.
Нұрлан САМАТҰЛЫ,
ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
15.07.2015
3447
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру