Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қадір түні тікелей арнада көрсетілді (ФОТО)

15.07.2015 3948 0 пікір

Қадір түні тікелей арнада көрсетілді

Қасиетті мол Қадір түнінде Атырау облыстық "Иманғали" орталық мешіті 13-шілде күні жергілікті "Қазақстан Атырау" телеарнасы арқылы кешкі сағат 21:00-00:20 аралығында «Қасиетке толы Қадір түні» деген атаумен тікелей эфирде көрсетілім жүргізді.

Тікелей көрсетілім жасаған «Иман нұры» діни танымдық бағдарламаның қонағы болған ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров, Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев, «Әт-Тақуа» мешітінің наиб имамы, теолог Қанат Жұмағұл, исламтанушы Мейіржан Рахматуллаұлы қасиетке толы қадір түнінің мән-маңызына тоқталып, өңірлерден қоңырау соққан көрермендердің өзекті сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар, «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Қайырбек Отызбаев «Қазақстан Атырау» телеарнасының тікелей эфирде жүргізілетін «Көкейтесті» бағдарламасына қатысып, қадір түнінің ерекшелігі және жасалатын құлшылық-ғибадаттар жайында әңгіме өрбітті.

Мұнан өзге «Қазақстан Атырау» телеарнасы «Иманғали» орталық мешітімен тікелей байланыс орнатып, ауызашар мен уағыз-насихаттардан көрсетілім жасады. Мешітке ағылған халыққа өңір имамы Батыржан Берденұлы мен исламтанушы Мейіржан Рахматуллаұлы ұлы қадір түннің берекесі мен Құран айының қасиеті жайында тұщымды уағыз-насихат айтып кетті.

Мешітке келген халыққа мыңға жуық «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы» және «Шынайы мұсылманның сипаты» атты кітапшалар мен «Ақ бата» және «Намаз оқып үйренейік» атты дискілер де таратылды.

 

«Менің алғашқы оразам» атты бәйге қорытыланды

Еске сала кетсек, маусым айының басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешіті және «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 16-30 жас аралығындағы жастар арасында «Менің алғашқы оразам» атты шығарма байқауын жариялаған-ды.

Елуден астам өңір жастарынан түскен шағармаларды арнайы әділқазылар оқып, оқ бойы оза шыққан жеңімпаздарды анықтады. Алдымен ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров аталған байқауды жастар арасында жариялаудағы мақсатқа тоқталып, оның жемісті болғанын атай кетті. Мұнан соң облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев күллі жамағатты қасиетті түнмен құттықтап, Алланың елімізге берген сансыз нығметіне шүкіршілік жасауға шақырды.

Жас жеңімпаздар қасиетті қадір түнінде барша жамағаттың алдында марапатталды. Атап айтқанда,  бірінші орын иесі Айда Сабыроваға – 100 000 тг; екінші орын иесі Айгерім Түсіпқалиеваға – 50 000 тг; үшінші орын иесі Жанболат Оразбаевқа – 35 000 тг сыйға берілсе, Нұрислам Құспанғалиев пен Қайрат Жақабаевқа  15 000 тенгеден ынталандыру сыйлықтары табысталды.

 

Сайыс ұйымдастырылып, сәресі берілді

Мешіт жамағаттарының білімге деген құштарлығын оятып, діни білімдерінің деңгейін білу мақсатында «Иманғали» орталық мешіті қадір түніне келген ағайынға сұрақ-жауап сайысын ұйымдастырды.

Ислам ғибадаты, ислам тарихы, хадистер және Құран хақындағы сауалдарға дұрыс әрі нақты жауап берген жамағатқа «Нұр Мүбәрак» университетінің II курс студенті, машықтанушы Жасұлан Қағазғалиев мешіт тарапынан сыйлықтар табыстады.

Сонымен қатар, «ҚМДБ Зекет қоры» Корпоративтік қорының Атырау облысы бойынша өкілі Сембай Жолдасов жамағатқа зекет берудің маңыздылығы мен аталған қор жайында мәлімет беріп өтті.

Жамағат мұнан әрі еркін құлшылықтарын жасап, қасиетті түннің әрбір сәтін дұға-тілекпен өткізді. Сондай-ақ, құлшылық еткен күллі жамағатқа мешіт ауласында сәресі дастарханы жайылды.

 

«Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру