Қасиетті Рамазан айының отыз күн оразасын ұстап, бір Алланың разылығы үшін тәні мен жанын рухани жаңару сатысынан өткерген барша ел мұсылмандары үшін Қадір түнінің мән-маңызы да ерекше. Еліміздің әр өңіріндегі облыс, аудан, ауыл-аймақтардағы мешіттерде жұртшылық ақшам намазынан соң асыл шариғат туралы уағыз-насихат тыңдап, қасиетті түнді ел болып қарсы алуға қамданады. Астана тұрғындары үшін де қадір түнінің құны, бағасы есепсіз. Ислам нұрына асыққан, ислам нәрімен қоректенуге ұмтылған халықтың жыл санап, ай асып артып келе жатқанын кешегі Қадір кешінде мешітке ағылған көштен байқауға болады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы «Нұр Астана» орталық мешітінде жамағатпен бірге болып, астаналықтар мен қана қонақтарына осы түннің қадір-қасиеті жайлы әсерлі уағыз-насихат жүргізді. Елордалық жамағат бас имамның аузынан дін Ислам жайлы тұщымды насихатқа қанығып, ерекше ықыласпен тыңдады.
«Қадірлі ағайын. Мінекей, кеше ғана сағына күткен Рамазан айының соңғы күндері де таяды. Соңғы он күнді шариғатымыз ерекше атайды. Алайда, рамазан айының күндізі де, түні де қасиетті саналады. Ал соңғы онкүндікте адам баласының бір жылдық тағдыры белгіленетін ерекше түн – Қадір түні бар. Бұл түнде Алла тағала қасиетті Құран Кәрімді түсірген. Осы түні Алла тағаланың разылығы үшін жасалған іс құлшылық болады» деген наиб мүфти жамағатты құлшылыққа құлшындырып, ғибадатқа ықтиятты, ыждахатты болуға шақырды.
Иә, расында, асыл дініміз Исламда ораза айында шынайы ықыласпен ораза ұстап, құлшылық етіп, Қадір түнін шынайы сенім мен сауапты үміт ете күткен жанның өткен-кеткен күнәларының кешірілетіндігі айтылады. Пайғамбар хадистерінде баяндалғандай, жер бетіндегі ұсақ тастардан да көп болып жер бетіне түсетін періштелер таңға, мұсылман қауымы намазынан тұрып кеткенге дейін салауаттар жолдап тұрар болса, бұл түннің иісі мұсылман баласы үшін қайырлы болары айқын. Осындай ұлағатты уағыздармен, тарауих намаздарымен, хатым дұғасымен таңға дейін жалғасқан қадір түнінің құлшылық-ғибадатынан соң жұртшылыққа таңғы сәресі асы берілді. Бас имам Наурызбай қажы Тағанұлы отыз күн оразада Құранды хатым еткен қариларға құрмет көрсетіп, барша халықтың атынан алғыс айтып, қазақы салтқа сай иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады. Ел мен жердің есендігін, халықтың ауызбіршілігін тілеп, Елбасының, ел басқарып отырған азаматтардың амандығын сұрап, Жаратқаннан дұға етті.
Түн қараңғысынан таң шапағына дейін құлшылық пен ғибадаттың, тілек пен ниеттің ортасында болған халық шат-шадыман күйде үйді-үйге тарады.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі













ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.07.2015
3018
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру