Сахабалар сағынышының сарқытындай зор ықыласпен асыға күткен қадір-сыйы есепсіз Рамазан айына өз кезегінде «Әл-Мәдина» мешіті де үлкен игілікті шаралардың науқаны ретінде қадам басқан еді.
Асыл айдың алғашқы күнінен-ақ мешіт ұжымы тұрақты түрде жамағатпен бірігіп, күнделікті 300, 350 адамға аузашар беріп келеді. Бабалардан қалған алтын арқау - Алла Тағаланың разылығы үшін ораза ұстайтын айбынды айдың мән-маңызы мен құн-нәрін түсіндіру мақсатында мешітіміздің Бас имамы Бақытжан қажы Жаңбырбайұлының ұйытқы болуымен білімді де білікті елімізге танымал ұстаздармен (Жасұлан Жүсіпбеков, Оралхан Сейдманов, Ризабек Батталұлы т.б.) кездесулер ұйымдастырып келеді.
«Тату елге – тоқшылық пен тыныштық нәсіп», – деген түркі жұрағатының қағаны Күлтегін бабамыздың сөзі расында да әр заманда өз мәнін жоғалтқан емен. Ендеше адамзаттың ең бір асыл қасиеті - бейбітсүйгіштігін ұлт ұстындарын ұлықтап дінімізбен біте қайнасқан мыңжылдықтар көшінде саф қалпында жеткізуде мешіт-медреселердің алар орны ерекше. Аталмыш игі дәстүрдің жалғасы ретінде мешітімізде теңдессіз қасиет дарыған Қадір түні қарсаңында кезекті «Шаңырақтарды шаттандырған - Рамазан!» атты қайырымдылық шарасы болып өтті.
Шара барысында мешіт ұжымының ұйымдастыруымен ауданымызға қарасты 50 әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды бір айлық азық-түлікпен қамтамасыз етті. Әр отбасына 1 қап ұн, 5 кг макарон өнімі, 5 кг қант, 5 кг күріш, 2 кг тұз, 5л сұйық май таратылды. Насихат пен нәтижелі істің бір арнада тоғысуымен өткен аталмыш шара соңында әркім өзінше Рамазанның қадір-қасиетіне қанық болумен қатар өздерінің риясыз көңілдерін білдіріп, ақсақалдар мешіт ұжымына ақ батасымен алғыс жаудырды.
Қажымұхан Қамбарұлы,
«Әл-Мәдина» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.07.2015
3394
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру