Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Дуалы ауыз қартым бар, аталы сөз алтын нәр!»

13.07.2015 4393 0 пікір

Қасиетті Рамазан айының Қадір түнінің құрметіне орай «Дін мен дәстүр» жылы аясында мешіт жамағаты және имам-молдалар  арасында ислам шарттарына сай дұға жасау, қазақы дәстүр бойынша бата беру, тілек айту дәстүрін жандандыру, мешіт молдалары мен ақсақал жамағаттың шешендік  қабілетін арттыру, бата беру, көркем сөйлеу, көркем уағыз айту дәстүрін насихаттау, дәстүрлі дінімізбен дәстүрімізді жаңа үлгі - тәсілінде насихаттауды қалыптастыру мақсатында ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігі «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде «Дуалы ауыз қартым бар, аталы сөз алтын нәр!» атты қала, аудан мешіті молдалары мен жамағаттары арасындағы бата беру байқауы ұймдастырылды.

Сайысқа  Павлодар облысының  қалалық және аудандық мешіттерінің әрқайсысынан ауызы дуалы, арғы-бергі тарихымыздағы би-шешендер, ақын-жыраулар, дін ғұламаларының сөздерін білетін, келісті әрі кестелі сөздермен өрілген өнегелі сөз арнай алатын батагөй ақсақалдармен қатар мешіт жамағаттары  өкілдері, ақсақал молдалар барлығы 13 батагөй ақсақалдар қатыстырылды. Оларға қойылған негізгі талаптардың тағы бірі жасы 50-ден асқан, дінімізбен  қатар әдеби және тарихи білімі де жақсы деңгейде болуы болатын.

Батагөйлер 5 бата түрі бойынша сайысқа түсті:

-Отансүйгіштік, елжандылық, дініміздің қуаты, бірлігі жөніндегі бата;
-Балаларға берілетін бата  (шілдехана, бесік батасы, тұсаукесер, жасқа  толу, сүндеттеу, сапарға шығу, т.б.); 
-Шаңырақ батасы (жас жұбайларға, ұзатылар қызға, қыз балаға, жігітке, отбасы амандығы т.б.).
-Дастархан батасы;
-Истиғфара батасы.

Қазылар алқасының шешімімен 1,2,3-орынға  Ақсу ауданы мешітінің жамағаты Сырдыхан Тукай, Берікбаев Рамазан және Павлодар ауданы «Қасым қажы» мешітінің жамағаты Баязитов Қуаттар  лайықты деп танылып, арнайы сыйлықтар табысталды. Алда осындай байқауды облыстық Мәдениет басқармасымен бірлесе отырып, жыл сайын ұйымдастыруды дәстүрге айналдыру бағыты көзделуде. 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру