Рамазан барша мұсылман үшін берекелі әрі құлшылық айы. Сауабы мол айда әрбір мұсылман баласы уақытын тиімді пайдалануға күш жұмсайды. Әрдайым мешіттен табылып, күндерін құлшылықпен, Алланы ұлықтаумен өткізуге тырысады. Міне, Атырау қаласының «Иманғали» орталық мешітіне келуші халыққа және тұрақты жамағаттарға Рамазан айына тиесілі уағыз айту кестесі құрылып, жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Атап айтқанда, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров, «Әт-Тақуа» мешітінің наиб имамы Қанат Жұмағұл, наиб имам Қайырбек Отызбаев, «Иманғали» орталық мешітінің ұстаздары Салауат Мәжитов және Нұрсұлтан Дәрібаев, мешіт азаншысы Арман Урумбаев, «Нұр Мүбәрак» университетінің II курс студенті, машықтанушы Жасұлан Қағазғалиев күнделікті құптан намазынан жарты сағат бұрын белгіленген тақырыптар аясында уағыз-насихат жасауда.
Оразаның алғашқы күнінен бастау алған уағыздар күнделікті мынадай тақырыптарда өрбіді: Рамазан айының қадір-қасиеті, құлышылығы мен сауабы, берер жемісі; Жақсылыққа жетелеген Рамазан; Тазалық табалдырықтан басталады; Рамазан айының берер бес сыйы; Көркем мінез Алла разылығын көздейді; Ниетің бұзылса, амалыңның желге кеткені; Қасиетті айда Құранға көңіл қой!; Ата-анаңды ренжіту – жәннат жолына тосқауыл; Жақсы мінез жан жарасын жазады; Намаз арсыздықтан тыяды, адамгершілікке жол ашады.
Мұнан өзге Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қысқаша өмір тарихы; Үлкен күнәлардың зардабы және Хадистер тағылымы аясында жүйелі уағыздар да айтылуда. Сондай-ақ, өкіл имам Батыржан Берденұлы күн сайын тарауих намаздарының ортасында оқылған хатым сүрелердің қысқаша тәпсіріне тоқталып, аяттардың түсу тарихынан сөз қозғауда. Уағыз-насихат мұнымен де шектелмеуде. Сонымен қатар, мешіт ауласындағы киіз үйлерде берілетін ауызашарлар мен күнделікті пітір беріп, Құран оқыта келген ағайындарға да жүйелі уағыздар жалғасын табу үстінде.
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
08.07.2015
3366
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру