Тараз қаласындағы №9 орта мектептің 9-сыныбында оқитын Дулаттың бұл жеңісі исі мұсылмандар үшін игі жаңалық болған еді. Қаршадай баланың қасиетті Құран Кәрімді толықтай жаттап шығуы еліміздегі дін деңгейінің қаншалықты дәрежеге көтерілгенін көрсетсе керек. Сондықтан да болар, еліміздің жас қариы Дулат Болатбекұлының бұл жеңісі баспасөз беттерінде де кеңінен насихатталған еді.
Қасиетті рамазан айында Дулаттың «Әзірет Сұлтан» мешітінде Құранды хатым етуге қатысатын естіген журналистер қауымы бала қаримен сұхбаттасып, кездесу ұйымдастыруды көптен бері сұрап жүрген болатын. Бүгін ҚМДБ-ның Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлының ұйымдастыруымен Дулат Болатбекұлы бірқатар телеарна тілшілеріне сұхбат беріп, өзі жайлы ақпаратпен бөлісті.
Мектепке бармастан бұрын алты жасында арабша хат таныған Дулат Болатбекұлы бала жасынан қари атануды мұрат еткен көрінеді. «Алла Тағаланың нәсіп етуімен қасиетті Құран кәрімді 12 жасымды толықтай жаттап шықтым. Бұл – Алланың маңдайыма жазған бақыты», – дейді бала қари.
Бұдан соң журналистер қауымы «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлымен сұхбат жүргізіп, қасиетті рамазан орай сауалдарына жауап алуға тырысты. Қасиетті айда орындалатын құлшылық түрлері мен қайырымдылық шараларын жасаудың қажеттілігі жайлы сөз қозғаған Серікбай имам Құран оқудың артықшылығы да айтып өтті. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Құран оқитын мұсылман апельсин сияқты, қош иісті және дәмі тәтті. Құран оқымайтын мұсылман құрма сияқты. Оның иісі жоқ, бірақ дәмі тәтті. Құран оқитын мұнафық райхан гүлі сияқты. Қош иісті, бірақ дәмі ащы. Құран оқымайтын мұнафық ханзала сияқты. Иісі жоқ және дәмі ащы», – деген хадисін айта келіп, қасиетті Құран кәрімді оқып-үйренуге, онымен амал етуге шақырды.



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.06.2015
3305
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру