ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті жанынан құрылған республикалық ақпараттық-насихаттау тобының (РАНТ) өкілдері арнайы іссапармен Маңғыстауға келді. Топ құрамындағы комитет төрағасы Ғалым Шойкин және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті "Дінтану" кафедрасының прфессоры, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, комитеттің ғылыми зерттеу ақпараттық орталығының басшысы Тұрар Әбуов және орталық қызметкері Марлен Муслимовтың қатысуымен Маңғыстау облыстық орталық мешітінде, ішкі істер басқармасы мен бірнеше жоғары оқу орындарында арнайы кездесулер өткізілді. Аталған басқосуларға жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, БАҚ, мешіт қызметкерлері, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, дінтану пәнінің ұстаздары, мектеп басшылары мен басқа да бірнеше сала мамандары қатысып, өз ойларымен бөлісті.
Дін мәселесі бүгінде ішкі саясаттың басты проблемаларының бірі болып отыр деген комитет төрағасы қоғамдық тепе теңдікті сақтауда діннің аса маңызды рөл ойнайтынын атап өтті.
-Бүгінде тұрғындардың дін ұстануының жоғарылағаны байқалады. Алайда, бұның оң және теріс ықпалы болуда. Нағыз, шынайы дін болса, халықтың рухани жоғарылауына, моральдық қасиеттердің қалыптасуына алып келеді. Дін түрлі қылмыстардың азаюына, қоғамдағы моральдық-этникалық климаттың жақсаруына, жан-жақты білімді болуға әсер етеді. Өкінішке орай, діндарлықтың екінші жағы кері әсерін тигізіп жатыр дер едім. Себебі, дінге бет бұрып жатқан жастар оған әр түрлі жолмен келуде, көбіне жеке деструктивті күштің әсері болуда. Сол топ қоғамдағы салт-дәстүрге, қалыптасқан ұлттық құндылықтарға қайшы ұстанымдарда. Қорытындысында, тұрғындардың бір бөлігінің радикализациясынуына алып келіп, қоғамда конфликтілі жағдай орын алады. Бүгінде әсіресе, ислам әлеміндегі халықаралық ахуал тұрақты емес. Ірі державалар арасындағы бәсекелестік барысында дінді де өз пайдаларына асырып жатқандар бар. Нәтижесінде, дін саяси күрестің құралына айналуда, - деді Ғалым Шойкин Ішкі істер басқармасы қызметкерлерімен өткен кездесуде.
Оның айтуынша, мүдделі топтар адасқандарды ұлтжандылық, отансүйгіштік сияқты қасиеттерден ада етуде. Себебі, ИМ құрамында қарулы қақтығысқа қатысып жүргендер 80-нен аса ұл өкілін құрайды. Барлық террористік ұйымдар бір тудың астына жиналып, бір мүдделі болуда. Бұл да халықаралық жағдайға айтарлықтай кері әсер етуде.
Құқық қорғау қызметкерлеріне әлемдегі, елдегі діни ахуал жайын баяндап өткен комитет төрағасы барлық мемлекеттік органды жұмылып жүмыс жасауға шақырды. Мұны тек ынтымақтастық арқылы ғана шешуге болады дейді комитет төрағасы.
Ал, Досай Кенжетайдың айтуынша, аталған проблеманы дәстүрлі исламмен байланыстыратындай еш негіз жоқ.
-Зайырлылық» ұғымын дұрыс түсіну керек. Мемлекет пен дін арасындағы қатынастар, оның адамға қатынасы туралы ұғым, уәжі әлі дұрыс қалыптаспаған. Біз соған енді-енді келе жатырмыз. Демократиялық және зайырлы жетістіктеріне қарай біздің біраз азаматтарымыз ішкі танымдық тенденцияларының ауысқандығын көрсетуде. Оған мысал балақ қысқарту, никаб кигендердің көбеюі, ол Сирияға кетіп жатқандар. Бұл дегеніміз бізде діни танымдық мөлшерлердің өзгеріп бара жатқаны. Бүгінде мемлекетіміздің алдында екі мәселе тұр – діни экстремизм және терроризм көріністерін тойтару, - дейді Д. Кенжетай.
Мамандардың айтуынша, террорлық оқиғаны міндетті түрде діннің немесе ұлттың өкілімен тікелей байланыстыру да бүгінде әдетке айналған. Сондықтан, халықты діни сауаттылықпен қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі болып отыр.
Кәмшат Сәрсенбай



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.06.2015
3303
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру