Мұнайлы аудандық «Ар Рахман» мешітінде ауыл тұрғындарының бас қосуымен тасаттық берілді. Өлке табиғатының құрғақ болуына байланысты облыс имамы С.Сейтбековтің нұсқауымен өңірдегі мешіттерде тасаттық шарасы жиі жасалады.
Бұл жолы Атамекен ауылына қарасты Қаламқас тұрғын үй массивіндегі 9 көшенің тұрғындары аудан имамы Айдос Муталиевтің қолдауымен жаңбыр сұрау садақасын ұйымдастырды. Мешіт ауласына 4 киіз үй тігіліп, 500-ге жуық адам жиналды. Басқосуға Басқұдық және Атамекен ауылдарының әкімдері Нуфтулла Қаржаубаев пен Махмут Қалжанов және ауыл дәрігерлері мен мұғалімдері, қала ақсақалдары қатысты.
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы С.Сейтбеков жиналған халыққа тасаттық берудің маңызы мен сауабы жайында уағыз айтты. Мұнан соң қасиетті рамазан айының жақындауына байланысты ораза жөніндегі жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді.
Киіз үйде берілген арнайы астан соң мұсылман ерлер жамағаты сыртта екі рәкат истисқа яғни,жаңбыр сұрау намазын оқыды. Намазды жүргізген С.Сейтбеков көкке қолын жайып, Аллаға жалбарынып, жаңбыр тіледі.
Мешіт ақсақалы Таған молда истисқа дұғасын оқып, Жаратқаннан елімізді қауіп–қатерден, бәле–жаладан сақтауын сұрап, бүгінгі тасаттықтың қабыл болуын, Алла Тағала жаңбырмен қуантып, елімізді игілікке бөлеуін сұрады.
Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.06.2015
3751
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру