Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне ЕАР Уақыптар вице-министрі Шейх Мұхаммед Изуддин Абдусаттар мен Араб мемлекеттер лигасының Елшісі Самия Бейбарс ханым бастаған бір топ мысырлық делегаттар ат басын тіреді. Университет ректоры доктор, профессор Жуда Абдулғани Басюнидің қабылдауында болған құрметті қонақтар оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысып өтті.
Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезіне келген мысырлық делегаттардың Нұр-Мүбарак университетіне зиярат етуі де бекер емес. Өйткені Нұр-Мүбарак университеті Мысыр мен қазақ елі арасындағы алтын көпір әрі Орта Азиядағы ислам ілімінің алтын шаңырағы болғандықтан, оқу орнының ахуалы дін жанашырларын бей-жай қалдырмасы анық. Сондықтан Египет Араб Республикасының лауазымды өкілдері университетке жай ғана келмей, мысырлық ғалымдармен жүздесіп, олардың да пікірлеріне құлақ асты. Университеттің болашағына зор үміт артатынын білдірген құрметті қонақтардың Қазақстаннан алған әсері айрықша. Астанада бас қосқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіндегі бейбітшілік пен мәмлегершілікке ұмтылған дін өкілдерімен жүздесу әрі қазақи қонақжайлылықтан алған әсерінен кейін Алматының әсемдігі, Нұр-Мүбарак университетінің болашаққа, ғылым әлеміне деген ұмтылысы қонақтардың көңілін хош еткендей. Тіпті қазақы дәстүр бойынша университет ректоры доктор, профессор Ж.А.Басюнидің құрметті қонақтарға шапан жабуы мысырлықтардың мерейін өсіргендей.
Ал бізді Араб мемлекеттер лигасының Елшісі Самия Бейбарс ханымның тегі қызықтырғаны рас. Тарихты терең білетінін аңғартқан Самия Бейбарс ханым өзінің түп тамырында қазақ халқына туыстығы бар деген де ішкі пікірін жасырмады. Қалай дегенмен діни бауырлас елдердің ресми өкілдері қазақ еліндегі ислам дінінің өркендеуіне зор үміт пен сенім артатындықтарын білдірді.
Айша Кеңесбай,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
15.06.2015
3429
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру