Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры профессор, доктор Ж.А.Басюни бастаған ғалымдар делегациясы Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы ат басын тіреді.
Сапар барысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов мырзаның қабылдауында болды. Асқар Исабекұлы Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті еліміздегі дін негіздерін оқытып, теолог мамандарды даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны екендігіне назар аударып, білім ордасы басшылығының өңірімізбен әріптестік байланыс орнатуға деген ниетін жоғары бағалап, алғыс білдірді. ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай Асқар Исабекұлы еліміздегі халқы ең көп шоғырланған және тұрғындардың басым көпшілігі Ислам дінін ұстанған өңір екендігін жеткізді. Соңғы жылдары жастарымыздың дінге деген бетбұрысы қарқынды екендігіне тоқталып, қоғамдағы діни үйлесімділіктің негізі – халықтың жоғары діни сауаттылығында екенін алға тартты. Осы бағытта Ислам мәдениеті мен өркениетін жете білетін мамандар даярлау өзекті міндет екендігіне тоқталды. Өз кезегінде университет ректоры, доктор, профессор Жуда Абдулғани Басюни қолға алған оң бастаманың жалғасы ретінде араб тілін оқып, үйрену орталығын ашу жөніндегі ұсынысын білдірді. Ғалымның ұсыныс-пікірін зер сала тыңдаған облыс әкімі бұл мәселе алдағы уақытта қаралып, тиісті шешім қабылданатыны хабарлады.
Сапар барысында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы мен Нұр-Мүбарак университеті арасында өзара әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Ортақ келісімге сәйкес екі тарап өзара тәжірибе алмасып, дін саласындағы өзекті мәселелерде ынтымақтастық байланыстарды нығайтуға уағдаласты. Атап айтқанда, университеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен оның түлектері өңірдегі жұмыс жүргізетін ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің біліктілігін арттыру, теолог мамандармен тәжірибе алмасу сынды өзекті міндеттерді облыстағы салалық мемлекеттік органмен бірлесе жүргізбек. Университет басшылығы және профессорлық құрамымен кездесу барысында облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Б.Құрманғали өзара әріптестік байланыс орнатуға ниет білдірген қонақтарға алғысын білдіре отырып, дін саласында атқарылатын міндеттерге тоқталды Халықтың басым көпшілігі Ислам дінін ұстанушылар екенін алға тартқан Берік Құрманғали мырза, осы бағытта облыс әкімдігі «Біз Құранды білеміз бе?» айдарымен телекөрсетілім желісін дайындағандығын атап өтті. Ал Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор, доктор Жуда Абдулғани Басюни Исламдық білім мен мәдениеттің дамуына, ғылым мен білімнің өркендеуіне үлес қосып отырған облыс әкімдігіне алғысын білдірді. Университет бүгінде дін саласы мамандарын даярлайтын Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны екендігін айта отырып, жергілікті мемлекеттік органдармен байланыстарды нығайтуға әрқашан дайын екендігін жеткізді. Қол қою рәсімінен соң сала мамандары мен мешіт имамдары, орта мектептердің «Дінтану негіздері» пәнінің оқытушылары, облыс орталығындағы діни оқу орындарының оқытушы-ұстаздары Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеттің профессорлық құрамы өткізген діни біліктілікті арттыру семинар-тренингке қатысты. Аталған семинар екі күнге жалғасты.
Айша Кеңесбай,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі







ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
09.06.2015
3003
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру