Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Құран құшақтаған бала

08.06.2015 4163 0 пікір

Алматыда «Бәйкен» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен VI Республикалық Құран жарысы жұртты елең еткізген игі шаралардың бірі де бірегейі болды.

Өйткені Құранның 30 парасын, яғни қасиетті кітаптағы 114 сүрені толық жаттаған қарилар сайысқа түсіп, олар білім-білігін қазылар алдында дәлелдеп шықты. Аймақтардағы іріктеу сынынан өткен 32 қаридың Құранды мүлтіксіз жаттауы, Құран оқу ережелерін сақтауы, аяттардың тәпсірін меңгеруі, сүрелердің аудармасын білуі секілді қабілеттерін ұйымдастыру алқасы жан-жақты бағалады.

Алтыншы рет өткен Құран жа­рысында Жамбыл облысынан келген 14 жастағы ең жас қари Дулат Қалығұлов жүлделі 1-орынды иеленді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы оған Hyunday көлігінің кілтін салтанатты түрде табыс­тады. 

Тараздан келген талантты баланың иман жолындағы қадамының құтты болғанын біз ата-анасының өз аузынан есту үшін Таразға телефон шалдық.

– Біздің қуанышымызда шек жоқ. Әсіресе, анасы Сәулеш ұлының ұлы іс бітіріп, алғаш рет ел назарына іліккеніне өте разы, – деді Дулаттың әкесі Болатбек  Әлімбетов. – Екі үлкен қызым да дінге берік, білімі терең. Одан кейінгі үш ұлдың үлкені – Дулат. Ол інілері – Абдулатиф пен Исмайылдың нағыз қамқоршысы. 

Меніңше, әрбір отбасы шағын медресе болуы керек. Елбасының өзі айтқандай, кітабымыз – Құран. Өзіміз қазақтың азаматы, осындай ұланғайыр жерді сақтап қалғаннан кейін, ата-бабаларымыз ұстанған дінге берік болуымыз керек. Еліне, тіліне, діліне адал, отаншыл ұрпақты әрбір отбасы тәрбиелеуі тиіс. 
Өзімнің әкем Құбағұл менің бір жарым жасымда дүниеден өтіпті. Анамыз Дәнегүл төрт ұл, төрт қызды ел қатарына қосты. Бірақ қазір көзіміз тірісі үш ұл, бір қыз тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Үйдің кенжесі болғаныммен ерте есейдім, үш жоғары оқу орнын бітірдім. Қазір күзет агенттігінің директорымын.

Болатбек имандылық жүрген жерде қайырымдылық та, достық та, мейірім мен шапағат та жүретіндігін айтады. Қара­мағындағы жігіттердің бәрі қоғамның күзетшісі, тыныштық сақшысы болумен қатар, бәрі де имандылық жолына түскен. Олар үшін Болатбек Құбағұлұлының Дулаты Құран жарысында алдына жан салмағаны ортақ той іспеттес болды. «Жан-жақтан таныстарым, туыстарым, жора-жолдастарым телефон шалып, ұлымның қуанышын бөлісті. Баршаға рақмет. Келешегінен үміт күткен әрбар ата-ананың ұл-қызына біздің жолымызды берсін» де­ген Болатбек ұлының елдің мақтанышына айналар азамат болуын тілеп отыр.

14 жасында орда бұзған қари Дулаттың өзі былай дейді: 

– Кішкентайымнан Құран оқып, жаттауға дағдыландым. Қазір қатты қуанып тұрмын. Осындай шаралар көп болып тұрса дегім келеді. Құранды бір жарым жылда жаттап, 2 жылда бекіттім. Ұстазыма рақмет айтамын. 

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти: 

– Бүкіл әлемде ең көп данамен тараған кітап – Құран. Үздіксіз оқылатын және барлық тілге аударылған Құран секілді кітап жоқ. Құран секілді ешқандай кітап жатқа оқылып, насихатталмайды. Өйткені ол – Алланың сөзі. Құран оқу адамның зейінін ашады, оның әрбір аятына сауап жазылады. Құранды көп оқыған адамның Алла алдында дәрежесі артады. Пайғам­барымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Үйлеріңде Құран оқыңдар, жамандық атаулы үйлеріңнен алыс болады»  деген.

Жарысты ұйымдастырудағы мақ­сатымыз – Құран жаттаған жастарды қолдау, қасиетті кітабымызда жазылған адамгершілік құндылықтарды насихаттау. Аллаға шүкір, еліміз бойынша, 2 рес­публикалық қарилар орталығы жұмыс істейді. Жуырда үшінші қарилар орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда мешіттерімізде Рамазан айында өзіміздің жастарымыз Құран-хатым түсіріп жатыр. 

Серікбай қажы ОРАЗ, наиб мүфти, әділқазылар алқасының төрағасы:

– Аллаға шүкір, Тәуелсіздігімізді алып, асыл дініміздің құндылықтарын, қасиетті кітабымыз Құранды насихаттауға мүмкіндік туды. 

Құран оқып, оны жаттау – ең ұлы құл­шы­­лықтардың бірі және Аллаға жақын­да­татын төте жол. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Құран оқыңдар! Ол қиямет күні иесіне шапағат етеді» деп өсиет қалдырған.

Құранды құшақтап өскен ұланның әлі күнге оның мәні мен маңызына сусындап келе жатқаны таңдай қақ­тырады. Қайта күн сайын өрісі кеңейіп, тынысы ашыла түскендей. Ата-ана­сы­ның адалдықты, достықты, қайырым­дылықты үйренуі үшін де Құран кітабын алты жасынан қолына ұстатқанына дән риза. 

– Ертеректе 23 ақпанда әкелерді құттықтаушы еді ғой. 1-сыныпта оқу­шылармен бірге мен де әкеме құттықтау арнаппын. Бірақ соны тапсыратын әкенің жоқтығы жаныма батты. 

Шүкір, Алланы іздеп, адамгершілік пен адалдықты ардақтып, көздеген мақсатыма жеттім. Енді өзім жақсы әке болу үшін барымды салып жүрмін. Отбасымызбен намаз оқимыз, салауатты ғұмыр кешудеміз. Балаларымның бақытты болғанын қалаймын, олардың өзі түгілі өзгелерге де өнеге көрсетуі үшін барымды салып, әкелік қамқорлығымды жасап келемін. Тәлімі мол тәрбием жемісін бере бастағанына да тәубе, – дейді әңгіме арасында Болатбек.

Бір жылдары Германияға таэквондадан Еуропа чемпионатына жарысқа барып, сол жақтың мешітіне бас сұғып, намаз оқығанда Алаштың ардақты азаматы Хасен Оралтай Болатбектің имандылығына таңдай қағыпты. 22 жыл Жамбыл облысында таэквонда федерациясының басқарған Болатбек аймақта ұлт спортын жан­дандыруға да барынша үлес қосқан азамат. Қазір ауданда көкпар командасының басшысы. 
Иә, әкеден оза ұл туғаны қандай ғанибет! Алты жасынан арабша қаріп таныған Дулаттың бүгінгі жетістігі барша қазақ баласына үлгі болары даусыз. Өте жақсы оқиды, спорттың кез келген түріне бейім. Ауылға барып, жылқыға мініп, кәдімгі қазақы өмірді сүргенді ұнатады. Күні кеше екі інісі де ағаларының көлігін көріп, көздері алақандай болыпты. Біз де Құран жаттап көлік мінеміз деген бала қиялдарының арғы жағында имандылық иірімдері жатыр.

– Құран жарысына баламызды дүние үшін жіберген жоқпыз. Алланың ризашылығы, басқаларға ғибарат болсын, иманы күшті азамат болсын деген ниетпен қатыстырғанбыз. Басқа мақсат жоқ. Тіпті Алматыдағы сайысқа өзім бара алмай, күйеу баламды жібергенмін. Сүйінші хабарды телефон арқылы естідім. Ұлымның «Әке сіздің еңбегіңіз ғой» деген бір ауыз сөзі төбемді көкке жеткізді.

Сыныбындағы балалар да қатты әсер алыпты. Олар да Құранды жаттап, адал жүріп-тұруға құштарлық танытуы, ата-аналарды ойға қалдырған. Тіпті мешітке баруға ықыласы ауғандар да жетерлік. Бәрінен де Дулаттың келешегіне қызыққандар көп. Асыл дінімізді наси­хаттаушылар болса, келешектің кемел мамандарының қатарынан Дулатты да көріп отыр.

Жолдасбек Дуанабай,
aikyn.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру