Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Рамазандағы міндеттер жүктелді

04.06.2015 3186 0 пікір

Маңғыстау облыстық орталық мешітінде облыстағы қала, аудан және ауыл имамдарының кезекті жиналысы өтті. Имамдар басқосуында 2015 жылдың ІІ тоқсанында жасалған жұмыстар қорытындыланып, күн тәртібіндегі атқарылуы тиіс негізгі мәселелер талқыланды.

Жиында төрағалық еткен өкіл имам С.Сейтбеков алда келе жатқан маңызды ай - Рамазандағы жасалатын жұмыстарға, ҚМДБ тарапынан бекітілген тапсырмалар легіне, оларды жүзеге асыру барысындағы іс –шараларға кеңінен тоқталып, имамдарға олардың орындалуы қатаң қадағаланатынын айтты.

Қасиетті айдың мәртебесі мен мерейін көтеру, мұсылмандар үшін ұлық түн – Қадір түнінің артықшылығын сезіндіру, Рамазанда ізгілікті насихаттайтын қайырымдылық шаралар – бәрі де алдағы уақытта  имамдар атқаратын ауқымды да абыройлы міндет болып отыр.

Имандылықты уағыздау, кездесулерде үгіт- насихат жүргізумен қатар, Рамазанды жоғары деңгейде өткізу шаралары имамдар үшін әрине, оңай жүк емес. Өкіл имам С.Сейтбеков имамдарға осы жайттарды ескерте келе, жүйелі ұйымдстыру, рухани бағдарламалар әзірлеу, Діни басқарма жұмыстарын халыққа кеңінен насихаттау, ауызбіршілік пен әдепті қарым – қатынас орнату туралы түсінік берді.

Жиын барысында Бас мүфтидің Рамазан айына қатысты бұйрығы мен Үндеуі таныстырылды, екінші жарты жылдықта жасалатын жұмыстар сараланды, алдағы Рамазанға жоспар құрылды. Сондай-ақ, барлық имамдарға аймақтық, республикалық БАҚ – пен тығыз байланыс жасау, ел ынтымағы мен діни ішкі тұрақтылықты арттыру жолында аянбай еңбек ету тапсырылды.

Облыс имамы С.Сейтбеков республикалық имамдар форумында қабылданған 4 құжаттың насихатталуына зор көңіл бөлуге шақырып, оны Рамазан айында мол тиражбен тарату қажеттігін атап өтті.  Сонымен қатар, өкіл имам  жазғы сауат ашу курстарын жандандыру, жастармен жұмысты күшейту, медреселер мен «Нұр-Мүбәрак» университетіне шәкірттер дайындау, «Пәтуа. кз» сайтындағы пәтуаларды қолдану, мешіт пен дәретхана тазалықтарын сақтау мәселелерін сөз етті. 

Жиын соңында маусым айынан басталатын балаларға арналған 1 айлық лагерь жұмысы пысықталып, мешіт имамдарының  оған дайындығы тексерілді.  «Имамдар арқалаған міндет пен мақсат айқын, тек «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ендігі кезекте ынтымақ пен бірлік аясында Рамазан айын жоғары деңгейде өткізуге жұмыстану керек. Бұл біздің мұсылмандық парызымыз», - деп түйіндеді сөзін өкіл имам С.Сейтбеков.

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру