Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстауда жиырмасыншы мешіт ашылды (ФОТО)

03.06.2015 3310 0 пікір

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласына қарасты Рахат ауылында жаңа мешіт пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстары екі жыл бұрын басталған имандылық үйінің ашылу салтанатына облыстың бас имамы С.Сейтбеков, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары И.Сағымбаев және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Ізгілік шарасы Құранның әуезді үнімен басталды. Мұнан кейін қала әкімінің орынбасары И.Сағымбаев сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан дініміз үлкен қолдауға ие болып отырғандығын, мешіт секілді рухани орданың халыққа қажет екендігін айтты.

Өкіл имам С.Сейтбеков ауыл тұрғындарын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, бұл облыстағы жиырмасыншы мешіт екендігін және жобалары жасалып, салынып жатқан мешіттер бар екенін жеткізді.

«Ата бабаларымыз ислам дінін сан ғасыр бойы ұстанып, шариғатпен жүріп сайын даланы қорғап, бүгінгі ұрпағына діні мен ділін, елі мен жерін аманаттап кетті. Тәуелсіздігімізбен бірге дініміз қайта жаңғырды. Республикамызда бүгінгі таңда 3 мыңға жуық мешіт бар. Қазақстан мұсылмандар діни бірлестігінің басшылық етуімен мешіт имамдары күні түні халыққа қызмет етіп, имандылық жайында уағыздарын таратуда. Сіздерге бұл жаңа мешіттің құтты да игілікті болуын тілеймін. Мешітке келіп намаз оқып, Алладан ел жұрттың амандығына дұға етіп, құлшылық жасауға шақырамын»,- деді өкіл имам С.Сейтбеков. Ауыл тұрғындарына жаңа мешіттің жаңа имамы Шахабуддин Мангалды таныстырып, оған Құран кітабын сыйға тартты.

Лента қию рәсімі жасалып, мешіт ішіне енген ел азаматтары алдымен екі ракат сәлем намазын оқыды. Мұнан соң өкіл имам жиналғандарға «Ұрпақ тәрбиесінің діндегі орны» тақырыбында уағыз айтып, бала тәрбиесіне қатысты Ислам қағидаттарын түсіндірді.

400 адамға арналған жаңа мешіт ғимараты екі қабаттан тұрады. Астыңғы қабатында Құран оқу бөлмесі, сауат ашу курстарына арналған сыныптар, намазхана залы бар болса, үстіңгі қабатында имамдар бөлмесі мен әйелдерге арналған намаз оқитын орындар қамтылған.

Мешіт жеке кәсіпкердің демеушілігімен салынды. Есімін жарияламауды өтінген абзал азаматтың бұл қадамын  асыл дініміздің өркендеуіне қосқан үлесі деп білдік.

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру