Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Балаларға базарлық жасалды (ФОТО)

02.06.2015 3172 0 пікір

1-маусым балаларды қорғау күніне арнап, Маңғыстау облыстық орталық мешіті ауқымды шара өткізді. «Зекет» қорының Маңғыстау облыстық филиал басшысы Серік Хантөреев пен Маңғыстау облыстық орталық мешіттің ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Балаларға базарлық» мерекелік бағдарламасына 150 бүлдіршін қатысты. Соның ішінде 63 балаға арнайы қайырымдылық көмек жасалды. Олардың барлығы мешіт тарапынан қайырымдылық көмек алып отырған көп балалы отбасылар мен мұқтаж жанұялардан шақырылды. 

Сайқымазақтардың көңілді шоуымен басталған мейрамда балалар олармен бірге түрлі жаттығулар жасап, ойын ойнап, би биледі. Мұнан кейін мешіт ауласына әкелінген паровоз каруселіне кезек-кезек мінген балдырғандар мәре- сәре болып қуанысты.

Келесі сәтте тәттілер мен жеміс - жидектер, сусындар қойылған киіз үй ішіндегі дастарханға жиналған балалар сабынды көпіршіктер ойынын тамашалады. Мейрамды ерекше сезінген бүлдіршіндердің шат күлкісі мен қол шапалақтап мәз болғандарын көрген ата - аналары да қосыла қуанды.

Өзбекстан Республикасынан көшіп келген қандасымыз, 9 баланың анасы Алламбаева Гүлсаним бұл мерекеге 4 баласын алып келіпті. 

«Балалар қашанда біздің бақытымыз. Осылардың қамы үшін күні түні еңбек етеміз. Кейде жомарттың қолын жоқтық байлайды демекші, оларды өздері қалаған көңілді сауықтарға, аттракциондарға апара алмайтынымыз рас. Бүгінгі мына мерекелік шара менің балаларыма қатты ұнады. Әбден айыздары қанғанша қызыққа батты. Мешіт әкімшілігіне зор алғысымды білдіремін», - деп ағынан жарылды батыр ана Гүлсаним. 

Жиналған бүлдіршіндердің барлығына балмұздақ таратылды. Мерекелік кеш соңында 63 балаға жазғы аяқ киім, футболка, күннен қорғауға арналған баскиім салынып, арнайы дайындалған сыйқалта берілді. 

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру