Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Балаларды қорғау күніне орай шара ұйымдастырылды (ФОТО)

01.06.2015 3468 0 пікір

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күнінің құрметіне орай ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен көңілді бағдарламаларды қамтитын мерекелік шара өткізілді.

Мерекелік шараның негізгі қатысушылары ретінде 100-ге жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жасөспірімдер қамтылды.

Шара аясында балаларға арналып арнайы 2 батут құрылып, жүздерінде күлкі ұялаған бүлдіршіндер асыр салып ойын ойнаса, енді бірі арнайы балалар үшін акелінген велосипедтерді теуіп, балаларға арналған көңілді көліктерді жүргізіп мәз-мәйрам болысты.

Сонымен қатар, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ықпалымен және  қала кәсіпкерлерінің қолдауымен қатысушы балалардың барлығына жаңа аяқ киімдер тегін таратылса, қала мешіттерінің әйелдер жамағаты балаларға арнап арнайы дастархан жайып, сый-сияпаттар табыс етті.

Балалардың жарқын көңілін Қызылорда облыстық филармониясынан арнайы келіп өнер көрсеткен әншілер мен шығармашылық топ жадырата түсті.

Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Мен және жетімнің қамқоршысы жұмақта мына екі саусақ секілді (сұқ саусақ пен ортаңғы саусақ) жақын боламыз» деген хадисі бар.

Әрбір бала бақытты балалық шақты сезінуі тиіс. Ұйымдастырылған шара бүлдіршіндердің көңілінде ұзаққа дейін сақталатын қуанышты сәттер екені даусыз.

Бұл ретте орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Сейіткәрімұлы жергілікті телеарналарға берген сұхбатында атаулы мерекелер мен ел үшін маңызды оқиғалар мешіт тарапынан да ескерусіз қалмайтынын баса айтты.

Асыр салған балалардың жанарынан қамқоршы адамдарға деген ризашылық сезіліп тұрды.  

Қызылорда облыстық  «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру