Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алғашқы исламтанушы қыздар тобы еңбек майданына аттанбақ

01.06.2015 4058 0 пікір

Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетін биыл 27 қыз-келіншек исламтану мамандығы бойынша тәмамдайды. Олардың 17-сі осы мамандыққа мемлекет тарапынан алғаш бөлінген грантпен білім алушылар. Сондықтан биыл университет тарихы бойынша көп көлемде ең алғашқы қыздар тобы еңбек майданына аттанбақ. Әлбетте қыз балалардың дипломды алған бойда еңбекке кірісіп кетуіне көбіне  отбасылық жағдайлар кедергі болып жатады. Бірақ биылғы бітіруші исламтанушы нәзік жандардың мойнына жүктелген міндет маңыздыды да жауапты. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  дін істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев, Оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев және университет проректоры доктор, профессор Шамшәдиан Керім мырзалар биылғы түлектермен арнайы кездесу өткізіп, кімнің қайда жұмысқа орналасатыны туралы пысықтады.

«Елімізде  теріс ағымның ығына ерген әйелдер, қыздар жамағатының көбейуі өте қауіпті.  Сондықтан біз өз ұстанымымыз бен  ата-бабаларымыздың жолына сай  өздеріңіздей мамандардың көбейіп, елге қызмет етуіне мүдделіміз.  Себебі қазір мешіттерге әйел ұстаздар ауадай қажет»,-деді Камалжан Бекбосынұлы. Расымен қазір әйелдер қауымының жамағат-жамағатқа бөлінуі бұл ерлер қауымынан да қауіпті. Өйткені әйелдер отбасының ұйытқысы, жарының ақылшысы, ұрпақ тәрбиесінің мектебі. Халқымыз «Ұл бала арқылы азаматты тәрбиелесең, қыз бала арқылы ұлтты тәрбиелейсің»,- деген.

«Бізге мемлекеттік тарапынан бөлінген грант негізінен имамдарды даярлауға негізделген. Соған қарамастан біз ер балалардың аузынан жырғандай етіп  қыздар тобы қажет деп өздеріңізді қабылдадық. Әуелгі кездегі барлықтарыңыздың уәделеріңіз есімізде.  Енді жауапты сәт келгенде халыққа қызмет етуден қашпаңыздар. Сіздердің қазіргі қадамдарыңыз кейінгі исламтанушы қыздар тобын қалдырамыз ба, жоқ па деген сұраққа жауап болмақ»,-деген  проректор Шамшәдин Керім мырзаның ескертпесі  алғашқы  исламтанушы-қыздардың мойнындағы жауапкершілікті атқара білуі  болашақта  униерситеттегі қыздар тобы тағдырына ықпалы барын аңғартты.  

Бақтыбай Қыдырбайұлы да мемлекеттік гранттың алғашқы қарлығаштарына: «Еліміздің қай жеріне барып қызмет етемін десеңіздер де қарсылық жоқ және ҚМДБ өкіл имамдары сіздердің толыққанды қызмет етулеріңіз үшін барлық жағдай жасауға тырысады»,-деп түлектердің таңдауларына қолдау көрсете түсті.

Сонымен биылғы түлектер арасында оқуды ары қарай магистратуралық бағдарламамен жалғастырамыз дегендер де болды. Бірақ ол үшін де ҚМДБ бұйрығымен мешіт-медреселерде қызмет ету мәселесі талап етілетінін универсиет басшылығы  алға тартты. Себебі дәл қазіргі жағдайда бір сәтті зая кетірмей елге Алланың ілімін, исламның негіздеріп  түсіндіру  өте маңызды болып тұр. Бұл ел бірлігі, халық  игілігі, Алланың разылығы үшін Пайғамбарлардан мұра болған қызмет. Себебі ел ішіндегі сауатсыздықты пайдаланған жат ағымдар білдірмей жұртшылық санасын улауға барынша тырысып бағуда. Ал оған пайымы аз, тым еліктегіш  пенделер оңай еріп қана қоймай, тіпті «жиһад» деген желеумен соғыс ортасына айналған шет елдерге аттануға дайын соқыр сенімдегі қазақ қыздары да кездеседі.  Олар тек өздері ғана емес, ертеңгі ұрпақтың да адасып, қоғамның ластануына  себеп болары сөзсіз. Сондықтан сауатты исламтанушы қыз-келіншектерге артылар үміт те, міндет те мол екендігін бүгінгі кездесу  тағы да нақтылай түсті.

Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру