Бүгін «Әзірет Сұлтан» мешітінің жазғы сауат ашу курсына қабылданған балдырғандар үшін «Қош келдің, Балақай!» атты салтанатты шара болып өтті. Шараға жазғы сауат ашу курсына қабылданған 270-ке жуық балдырғандар мен олардың ата-аналары қатысты. Қасиетті Құран Кәрім оқылып басталған шара шымылдығын ҚМДБ-ның Жалпы және Жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы ашты. Бала тәрбиесі жайлы ой толғаған Алтынбек Ұтысханұлы уақытты тиімді пайдалану мен оны ілім алуға жұмсау туралы ғибратты мысалдар келтіре сөз сөйледі. Балдырғандың уақытты бос өткізбей, мешіттегі жазғы сауат ашу курсына қатысып, білім көкжиектерін кеңейте түсу жолында ата-аналарға да артылатын жүктің жеңіл еместігін ескерте кетті өз сөзінде ол.
Бұдан соң жиылғандарға былтырғы жылғы жазғы сауат ашу курсы жайында баяндалған бейнеролик көрсетілді. Бала шәкірттерге «Хикмет» студиясында даярланған «Құран әліппесі» және «Имандылық әліппесі» кітапшалары мен «Құран әліппесі» дисктері таратылды. Аталмыш оқу құралдары балдырғандардың мешітте алған білімдерін үйде де толықтырып, дайындалуларына арналған.
Бұл жайында жиылған ата-аналарға салмақ арта сөйлеген «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қуат Ерғалиұлы аз ғана уақыт ішінде балалардың «Құран әліппесін» меңгеріп шығуы қиын екенін ескертіп, үйде де қадағалауларын өтінді. Сондай-ақ, «Имандылық әліппесі» кітапшасы арқылы балдырғандарға құлшылық қағидалары мен иман шарттары, асыл дініміздің негізгі ұстындары үйретілетінін атап өтті.
Жалпы, мешіттер жанынан жазғы сауат ашу курстарының жұмыс істеуі – ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұылының бастамасымен қолға алынған игілікті шара. Осы орайда, еліміздің барлық өңіріндегі мешіттерде жазғы сауат ашу курстары ашылып, еліміздің ертеңі болатын жас ұрпақты жақсылыққа үйретіп келеді. Биылғы жылы осымен үшінші рет жазғы сауат ашу курсын ұйымдастырып отырған «Әзірет Сұлтан» мешітінде жалпы саны 700-ге жуық бала діни сауат ашып, жазғы демалысын пайдалы өткізген екен.

,


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.05.2015
3363
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру