Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Астанада VI Республикалық Құран жарысына іріктеу өтті (ФОТО)

25.05.2015 4075 0 пікір

ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әлжан ана» мешітінде қарилар арасында Құран жарысы өтті. Төрт бағыт бойынша сынға түскен сайысқа елорда мешіттеріндегі сауат ашу курстарының, «Астана» медресесі мен «Қауам әд-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығының бағы мен бабын байқатқан. 47 шәкірті қатысты. Айтулы аламанға С.Ғылмани мешітінің бас имамы Ж.Садырханов, «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамдары Т.Оспан пен Ж.Айтбаев төрелік етті.

Үміткерлер үздігін анықтау қазылар алқасына оңайға тимегенін шәкірттердің әрбірінің тыңғылықты дайындықпен келгені көрсетіп отыр. Төрт салылы сайыс соңында Құранды мәнерлеп оқу бағыты бойынша І-орынды «Астана» медресесінің биылғы түлегі Шыңғыс Садуов жеңіп алса, ІІ-орынға қарилар орталығының шәкірті Исмаил Фарух табан тіреді. Ал, ІІІ-орынды «Әс-Сәлам» мешітінің шәкірті Қосым Тілек місе тұтты.

1 пара (30-шы пара) бағытының жеңімпазы қарилар орталығының шәкірті Кумабаев Ануар атанса, ІІ-орынды «Әзірет Сұлтан» мешітінің шәкірті Малқаждаров Абылай, ІІІ-орынды «Нұр Астана» орталық мешітінің шәкірті Абдуррахман Ерланұлы иеленді. 5 пара бағыты бойынша сынға түскен үміткерлер арасында қарилар орталығының шәкіртері топ жарды. І-орын Балахмет Мұртаза, ІІ-орын Жаңалық Асылбек, ІІІ-орын Төлеу Қызырали.

Бүгінгі байқау ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен Алматы қаласында өтетін VI республикалық Құран жарысына Астана қаласынан 30 пара бағыты бойынша қатысатын үміткерлерді анықтау мақсатында өткізіліп отыр. Осы орайда бақ сынаған қарилар арасынан ерекше көзге түскен Дәукен Қайырбай 30 пара (толықтай жатқа оқу) бағытының жеңімпазы атанды. Ал, ІІ-орынға Тұрсынов Әбдіғаппар қол жеткізсе, ІІІ-орынды Назар Сұлтанбай иеленді. Сонымен қатар, осы 3 қариға ү.ж. 28-29 мамыр күндері Алматы қаласында өтетін республикалық Құран жарысына жолдама берілді.

Шара соңында «Әлжан ана» мешітінің ұжымының ұйымдастыруымен барлық қатысушыларға дастарқан жайылып, Әлжан анамыздың рухына Құран бағышталды. Сондай-ақ, жарыс аясында қасиетті Құран Кәрім көрмесі ұйымдастырылып, әр түрлі Құран Кәрім жұртшылық назарына ұсынылды. 

Төлеби ОСПАН


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру