Дініміздің асыл құндылығы, тірегі болған, екі дүние бақытына жеткізер Алланың хақ сөзі Құран екені баршамызға аян. «Сендердің ең ізгілерің – Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендерің», – деген хадис те осыны айқындай түсуде.
20-мамыр күні Атырау облысы «Иманғали» орталық мешіті жанындағы әйел кісілерге арналған діни сауат ашу курсының шәкірттері қасиетті Құран Кәрімді мәнерлеп және жатқа оқудан сайыс өткізді. Аталған шара аз уақыттың ішінде Құран әліппесінен бастап, тәжуидті меңгеріп осындай дәрежеге жеткен шәкірттерді онан әрі ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, бұл жарысқа 10 талапты қыз бала қатысып, олар өзара бақтарын сынады.
Он үміткер қатысқан Құран жарысы «Дұха мен нас сүрелері», «30-пара», «Таджуид қағидалары» деген 3 аталым бойынша өткізілді. Құранды мәнерлеп оқуда шәкірттердің бірінен-бірі озып тұрғанына көрермен жұртшылық та куә болды. Алайда, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, бүгінгі айтулы күнге айрықша дайындықпен келген қыздарға әділқазы мүшелері лайықты бағаларын берді. Байқаудың соңында қазылар алқасының ортақ шешімімен бірінші орынды Досқалиева Рабиға иеленсе, ал, екінші орынға Қаленова Салтанат, үшінші орынға Сабирова Аида қол жеткізді.
Сайыс жүлдегерлері арнайы алғыс хатпен марапатталып, естелік сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға асыл дініміз туралы құнды кітаптар сыйға тартылды. Айта кетейік, осындай маңызды әрі пайдалы шара ұйымдастырған "Иманғали" орталық мешітінің ұстазы Бибінұр Урбисиноваға шәкірттері де шексіз алғыстарын жеткізді.
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.05.2015
3578
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру