Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жас түлектерге сәттілік (ФОТО)

19.05.2015 4429 0 пікір

Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінде 18-мамыр күні биылғы мектеп бітіруші түлектерге арналған «Ақ жол жас түлектер!» атты кездесу шарасы өтті. Оған қала мектептерінен 700-ден астам оқушылар мен ұстаздар қатысты.

Өңірдегі жас түлектерге ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров білім алудың маңыздылығын айтып: «Ислам діні үнемі адамзатты білім-ғылымға үндейді. Ал, шынайы білім болғанда ғана еліміз өркендеп, әлеуетіміздің мұнан әрі жақсарары сөзсіз. Сәт санап жаңа оқу жылы да аяқталып келеді. Білім ошағына сонау кездері тарыдай болып кірген жас балалар едіңіздер, міне ертең таудай болып шыққалы тұрсыздар.

Сіздерден бағып-қаққан ата-аналарыңыз, бойындағы білім нәрін берген ұстаздарыңыз және үкілеген орталарыңыз үлкен үміт күтеді. Сондықтан, өмірдің сынағы мен соқпағына еш мойымай, батыл да қайтпас қайсарлықпен әрдайым білім мен ғылымға ден қойып, бойдағы күш-жігерлеріңізді еліміздің ертеңіне жұмсай біліңіздер! Олай болса, өмірдің жаңа бір белестеріне нық қадам басқалы тұрған жас түлектер сіздерге тілерім тек сәттілік», - деп ақ батасын берді.

Сондай-ақ, облыстық Дін істері басқармасының бас маманы Қаһарман Мұсаев, «Әт-Тақуа» мешітінің наиб имамы, теолог Қанат Жұмағұл, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы қоғамдық қоры директорының орынбасары Айбек Асқарбекұлы және көргені мол ақсақалдар оқушылармен өз ойларын бөлісіп, жаңа өмірлеріне сәттілік тіледі.

Шара соңында оқушылар көкейдегі сауалдарын өңірдің өкіл имамы Батыржан Берденұлына қойып, тұщымды жауаптарға қанықты. Оқушыларға «Иманғали» орталық мешіті және облыстық Дін істері басқармасы атынан сый-сияпаттар мен білімге үндейтін парақшалар үлестірілді.

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі



Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру