Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мейірімі мол қайырымдылық шара

16.05.2015 3777 0 пікір

Қазақ қашаннан жетімін жылатпаған халық. Сондықтан «Жетім көрсең жебей жүр» деп ұлағатты сөз қалдырды. Дініміздегі ең сауапты істердің бірі – жетімнің басынан сипау және қамқорлық таныту. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кім Алла үшін бір жетімді басынан сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады», – дейді.

1маусым - Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында дін қызметкерлері Атырау қалалық «Сабыр Қазыбаев» атындағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп интернатында болып, қайырымдылық шара жасады. Атап айтқанда, игі шараға аймаққа арнайы іс сапармен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған «Зекет» қорының өңірлердегі өкілдері және ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров қатысты. Бүлдіршіндерге тәтті тоқаштар мен кәмпиттер, жеміс-жидектер және тағы басқа азық-түлік табысталды.

Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Жетімге жақын бол, оған мейірімділік ет, басын сипа, онымен бірге тамақ же! Осылай еткен адамның көңілі жұмсарады және қажеттіліктері орындалады», - дейді. Міне, қайырымдылық көрсете келген дін өкілдері балалардың өнерін тамашалады. Өздерімен ала келген тәттілерін қолдарымен ұсынып, жылылыққа мұқтаж балалардың басынан сипап, оларға жүрекжарды мейірімділіктерін көрсетті. Балаларға тәлім-тәрбиенің маңыздылығын айтып, болашақтарының жарқын болуы үшін бата жасады.

Мекеме ұжымы ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлына және «Зекет» қорының директоры Әлішер Спанов бастаған бір топ өкілдеріне балалар атынан өз ризашылығын білдіріп, ерекше алғысын айтты.

Иә, мемлекет қамқорында тәрбиеленіп жатқан балалардың барлық жағдайы қамтамасыз етілген. Дегенмен, дін қызметкерлері теңіздің тамшысындай әлеуметтік қолдау көрсетіп, бала көңіліне жылылық пен мейірімділік сыйлауды мұрат етті. Шын жақсылықты бала еш ұмытпайтыны рас. Бұған мейірімі мол осы қайырымдылық шара толығымен куә. Балалар да шаттанып, өзара қуанып, мәз болысты.

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру