Ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі», - деп баға берді. Иә, егемен еліміздегі татулық пен бірлікті, ынтымақ пен тұрақтылықты жан-жақты насихаттау алдымен БАҚ өкілдерінің еншісіндегі дүние. Журналистердің еңбегі арқылы қоғамдық пікір, талғам, көзқарас қалыптасатындығын жоққа шығаруға болмайды.
14-мамыр күні «Иманғали» орталық мешітінде «Бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыптарды жариялаудың өзіндік ерекшелігі» тақырыбында жергілікті БАҚ өкілдерімен семинар-жиыны өтті. Оған облыстық Дін Істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқай, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров және «Нұр Астана» мешітінің ұстазы, теолог Бағзат Ақжолов арнайы қатысты.
Бұл шараның өңірде өткізілуі алғаш емес екенін атап кеткен облыстық Дін Істері басқармасының басшысы Еркінбек Керімбекұлы облыс көлемінде БАҚ беттерінде жарияланған діни мақалалардың және теле-радиоларда беріліп жатқан бағдарламалардың салмағы артып келе жатқанын және қоғамның құтын қашырып тұрған діни ағымдармен күресуде қалам тартып жүрген журналисттердің де қосар үлесі ерекше екенін атады.
Өңірдің өкіл имамы Батыржан Берденұлы БАҚ-тың ақпараттық қызметінен бөлек ағартушылық қызметі барын айтып, халық санасына дініміздің қадір-қасиетін дәріптеп, ұрпақ санасына имандылық дәнін сіңдірудің қамын ойлау қажеттілігіне тоқталды. Сонымен қатар, дін тақырыбын қозғарда оң-солын саралап, діннің мақсаты мен мәнісіне терең бойлап, Хақ және халық алдындағы орасан жауапкершілікті сезіне отырып жазар болса, діни ағымдардың алдын алуда БАҚ-тың да атқарар рөлі сонда көрінерін жеткізді.
Теолог Бағзат Расулұлы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын ақпараттарда жай көзге қарапайым көрінетін қателіктер халық арасындағы діни сауаттылық деңгейін көтеруден бұрын, діни білімі төмен оқырманның ойын шатастыруға да апарып соғарын мысалмен түсіндірді.
Семинарда тақырып аясында БАҚ өкілдері өзара пікір алмасты. Көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын да білдірді. Айтпақшы, сүбелі жиын соңында өңірге арнайы іс-сапармен келген «Зекет» қорының өкілдері де БАҚ өкілдерімен жүздесті. Қор директоры Әлішер Спанов қордың құрылу мақсаты мен міндетін және алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар жоспары аясында ой бөлісіп, қалам ұстаған журналистер қауымына сұхбат та берді.
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
15.05.2015
3004
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру