Бүгін Алматы орталық мешітінің ұйымдастыруымен «Төле би» мешітінде «VI- Республикалық Құран жарысына» үміткерлерді іріктеу сайысы өткізілді.
Жарысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іс басқарушысы Ербосын Орын мырза, Алматы орталық мешітінің Бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет, «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы Өмірбек, Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының ректоры Кенжеәлі қажы Мырзабай, Бәйкен мешітінің Бас имамы Құлмұханбет Махамбет қатысып, тамашалады.
Алматы қаласынан Құранды толық жаттаған 18 қари қатысқан сайысқа Алматы орталық мешітінің наиб имамдары Ерсін Әміре, Қасымалиев Бахтияр, Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының ұстазы Мухаммед Әл-Ашуах төрелік етті.
Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Қалқаман-2 мешітінің азаншысы Абдуссаматұлы Нуреддин иеленді. 2-орынға Бақыткелді мешітінің наиб имамы Бақытжан Ақжолтай табан тіреді. Ал «Ақсай» мешітінің ұстазы Абишев Қуаныш 3-орынды қанағат тұтты.
Сонымен бірге тағы да төрт қариға: Сейтмаматов Нұрлан, Кочкаров Елер, Садықов Бахадүр, Ахметов Серік үздік нәтиже көрсеткендігі үшін арнайы сертификат табысталды. Сондай-ақ, іс-шара соңында «Төле би» мешітінің демеушілігімен үздік қариларға бағалы жүлделер мен барлық сайыскерлерге ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Алматы орталық мешітінің Бас имамы Есмағанбет Нұрбек қажы сөз алып: «Бұл сайыстарды өткізуміздің басты мақсаты қарилардың, жалпы Құранды жаттаудың қадір-қасиетін насихаттау, жастарды қарилыққа ынталандыру, имамдарға осы салада білікті мамандар тәрбиелеуге бағыт-бағдар беру болатын. Жүлдегерлерді бүгінгі жетістіктерімен құттықтаймыз және барлық қатысушыларға алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта биіктерден көріне беріңіздер дегім келеді»,-деді. Сондай-ақ Бас имам осы Құран сайысына демеушілік жасап, жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан "Төле би" мешітінің Бас имамы Кенжәлі Қоңыратбайұлына өз алғысын білдірді.
Айта кетейік VI-Республикалық Құран жарысының ақтық сыны 28-29 мамыр күндері Алматы қаласы «Бәйкен» мешітінде өтетін болады.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.05.2015
3822
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру